Түркістан облысы мен ЮНИСЕФ арасында жобалар жанданып келеді

Демографиясы жоғары өңір халқының саны 2,2 миллионнан асты. Оның ішінде 900 мыңнан астамы – балалар мен жасөспірімдер. Халықтың табиғи өсімі мен демографиялық серпіні – аймақтың білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік инфрақұрылымына жоғары талаптар қояды. Осы ретте балаларға қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Денсаулық сақтау саласында маңызды жетістіктерге қол жеткізілді. Түркістан облысының әкімдігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) арасындағы бірлескен жұмыс жоспары аясында 1400 медицина қызметкерін оқытуға қаржы бөлінген. Түркістан өңірінде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 99,6%-ды құрап отыр. Облыста 1116 мектепте 550 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Соңғы жылдары облыста жаңа мектептер мен балабақшалар салу, инклюзивті білім беруді дамыту, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Келешек мектептері» жобасы аясында жалпы 23 мың орындық 29 мектеп бой көтерді. Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне де басымдық берілуде. «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» мекемесі ашылды. Биыл 17 аудан, қалада «Отбасын қолдау орталықтары» жұмысын бастады. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі, доктор Рашед Мустафа Сарвармен және ҚР Ұлттық статистика бюросының өкілдерімен кездесті. Жүздесуде әлеуемттік-экономикалық өсімді әрбір баланың жарқын болашағын құруға бағыттау жолдары талқыланды. Балалар мен жастардың жағдайы туралы өзекті деректер негізінде дайындалған зерттеу нәтижесі талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров балалардың құқығын қорғау, оларға қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, ЮНИСЕФ-тің сараптамалары мен қолдаулары маңызды. Сіздермен бірлесе жұмыс істеуге әрқашан дайын екенін жеткізді.
Тараптар мультииндикаторлы кластерлік зерттеудің (МИКС) деректері маңызды шешімдер қабылдау үшін шынайы әрі нақты негіз болатынын атап өтті. Талдауға сәйкес, Түркістан облысы айтарлықтай экономикалық динамиканы және әлеуметтік саладағы елеулі жетістіктерді көрсетіп отыр. Денсаулық сақтау саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді. 10 жыл ішінде 5 жасқа дейінгі балалар өлім-жітімі екі есе азайды, вакцинациямен қамту республикалық көрсеткіштерден асады, ал босанғаннан кейінгі аналар мен жаңа туған нәрестелерге патронаж көрсету деңгейі елдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар ерте жастағы балаларды дамыту индексі бойынша өңір елдегі үздіктер қатарында тұр. 2-4 жас аралығындағы 10 баланың 8-і өз жасына сәйкес дамып келеді. Дегенмен осал топтағы отбасыларды қолдау, балаларды зорлық-зомбылықтан және құқықбұзушылықтан қорғау, білім сапасын көтере түсу, бала тәрбиесіне ата-аналардың белсенділігін арттыру жұмыстарын жандандыру жөнінде ұсыныстар берілді.
Доктор Рашед Мустафа Сарвар: «Түркістанға бірінші рет келіп тұрмын. Облыстың даму деңгейі жақсы. Біз Түркістан облысын зор жетістіктерге қол жеткізген және одан да үлкен әлеуетке ие өңір ретінде көреміз. МИКС деректері өңірдің адами әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. ЮНИСЕФ осы өмірлік маңызы бар жұмыста әкімдікке барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын» деді.
Қос тарап әріптестікті нығайтуға және бірлескен бағдарламаларды іске асыру жөнінде уағдаласты. Бұл бағдарламалар Түркістан облысының балалары үшін қауіпсіз, салауатты және дамытушы орта құруға бағытталып отыр.
Одан бөлек өңірде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен олардың құқықтарын қорғау бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жасөспірімдермен жасалған қылмыстар төмендеген. Қылмыс жасаған жасөспірімдердің әлеуметтік жағдайларына талдау жүргізу кезінде 91 жасөспірімнің 4-еуі толық емес отбасынан шыққан және 35-нің ата-анасы жұмыссыз екені анықталды.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысының орынбасары Бегімхан Ахметов кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың және оларға қарсы орын алған қылмыстарды алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарды атап көрсетті. Оның айтуынша, қылмыстар түнгі уақытта ата-аналардың бақылаусыз жүрген жасөспірімдермен жасалған. Сол себептен, ұдайы түрде «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шаралары мен түнгі рейдтер өткізілуде. Сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында балалардың заңды өкілінсіз болуына жол берген 164 мекеме иесі Әкімшілік кодексінің 132-бабымен жауапкершілікке тартылды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 324 қолайсыз отбасы және құқық бұзушылыққа бейім 496 кәмелетке толмаған полицияның есебіне алынды. Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін Әкімшілік кодексінің 127-бабымен 700 ата-ана жауапкершілікке тартылған.
Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіз болуы мемлекеттің назарында. Арнайы заң да бар. Кейбір аудандар бұл мәселелерді бақылауға алмай отыр. Өңірімізде белсенді жастар баршылық. Олқылықтардың алдын алу бағытында Білім басқармасы тарапынан кешенді жұмыстар жүргізілуде. «Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 17 аудан, қаладағы өкілдіктері құрылып, жалпы 66 штат бірлікке ұлғайды. 29 қыркүйектен бастап, барлық білім беру ұйымдарындағы балалардан жаппай сауалнама алынады. Буллингпен күрес жұмыстары жүргізілуде. Әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Финляндияның KiVa және отандық ДОСБОЛLiKe бағдарламалары секілді антибуллингтік жобалар іске асуда. «Кибер Тұмар» және «Ата-ана бақылауы» акциялары, сондай-ақ «Менің бауырым» жобасы жүзеге асты.






