Заң мен тәртіп: Түркістан облысында пайдалы қазбаларды өндіретін 202 жер қойнауын пайдаланушы тіркелді

Түркістан өңірінде жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтіліп, мәселе қатаң бақылауға алынған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, салада жүйелі мониторинг пен заң аясында нақты шаралар қабылдануда.
Бүгінде облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін 202 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Олардың 74-і келісімшартпен, 128-і лицензия негізінде жұмыс жүргізіп келеді. 2022 жылдан бері облыстық бюджетке жер қойнауын пайдаланушылардан 12,3 млрд теңге түскен. Айта кетерлігі, биыл бұл көрсеткіштің арту көрсеткіші байқалады.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте жер қойнауын пайдалану саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Жиында Нұралхан Көшеров тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Өңір басшысы өз сөзінде: – Жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол берілмеуі тиіс. Табиғатты сақтау – басты міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, экологияға зиян келтіретін заңсыз әрекеттерге жол берілмеуі қажет. Сонымен бірге, облыс экономикасының дамуына үлес қосатын түсімдер көлемін арттыру маңызды. Жауапты мекемелер өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы орындасын, – деді.
Жиын барысында Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың есебі тыңдалып, құзырлы орган өкілдері мен аудан әкімдерінің ұсыныс-пікірлері талқыланды.
-Облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу және тоқтату мақсатында облыс әкімдігі тарапынан Полиция департаменті және басқа құзырлы органдармен бірлескен жедел мобильді топ құрылған. Биыл 16 тамыз – 18 қыркүйек аралығында жұмысшы топ Сауран, Сайрам, Ордабасы, Отырар аудандары мен Кентау, Арыс қалалары аумағында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Нәтижесінде жүк тасымалы заңдылығын бұзған 22 ауыр жүк көлігі айыптұраққа қойылып, Облыстық көліктік бақылау инспекциясы тарапынан жүк салмағы өлшеніп, айыппұлдар салынды. Қазіргі кезде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 139 бабына сәйкес 302 құжат түскен, 153 құжат бойынша айыппұл салынған, 80 құжат толықтыру үшін кері қайтарылған. Сонымен бірге Арыс пен Шымкент арасындағы тасжолына электронды таразы және камера орнатылып, 851 құқықбұзушылық тіркелген. Айыппұл көлемі 751 млн теңгені құрап тотыр. 22 жер қойнауын пайдаланушының міндеттемелерін орындамағаны анықталып, басым бөлігінің келісімшарт және лицензияларының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Қанат Шонбасов.






