Түркістан облысы мен Қытай компаниялары арасындағы ынтымақтастық нығая түсуде

0
50

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Бейжің қаласында бірқатар жетекші компаниялардың басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізуде. Сапардың басты мақсаты – шетелдік тікелей инвестицияларды тарту және өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.

Кездесулер барысында аймақ басшысы Түркістан облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларында өзара тиімді жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырды. Қытайлық кәсіпкерлер Түркістан өңіріндегі бизнеске қолайлы жағдайлар мен даму әлеуетіне қызығушылық білдіріп, бірқатар бағытта ұзақ мерзімді серіктестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.

– Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында өте жоғары деңгейде дипломатиялық байланыс орнаған. Қос мемлекеттің басшыларының өзара тығыз байланысы, достығы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беруде. Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз. Өңірдің табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров инвесторларды облысқа шақырды.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлікті қайта өңдеуге арналған жабдықтар, ауыл шаруашылығы бұлтты платформасы, ауылшаруашылық суару, ауыл шаруашылығын автоматтандыру бағытында әлемдік рейтингте көш бастаған компания басшыларымен кездесті. Сондай-ақ мақта шаруашылығындағы “ақылды агротехнологияны” дамыту бойынша жаңа жобалар қаралды.

Бұл бағыттар бойынша өңірдің кәсіпкерлері серіктес болуға дайын. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бірқатар бастамалар ортаға салынды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жоспары талқыланды. Бұдан бөлек, кездесуге қатысқан инвесторлар теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаны қаржыландыруға ниетті.

Кездесуде сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау және жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды.

Қытайлық компаниялармен іскерлік кездесулер барысында кәсіптік білім беру саласын дамыту жолдары талқыланды. Өңір басшысы техникалық мамандықтарды дамыту үшін серіктестік орнатуға мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу