Заң мен тәртіп қағидаты аясында бірлікке үндейтін тағылымды кездесу өтті

Түркістан облысы, Келес ауданының қайта құрылғанына 7 жыл толуына орай аудан тұрғындары үшін маңызды және жастарға серпін беретін келелі кездесу ұйымдастырылды. Шара «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде өтіп, көпшілікке ой салатын, бірлікке үндейтін тағылымды жүздесу болды. Шараға танымал тележүргізуші және журналист Ләйлә Сұлтанқызы, журналист-блогер Руслан Өтепбай, Әуесқой бокстан әлем чемпионы және Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов, сондай-ақ аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов қатысты.
Тағалымды кездесуде ауыл билері, ұстаздар, жастар, спортшылар және аудан тұрғындары жиналып, қоғамдағы өзекті мәселелер мен даму бағыттары бойынша ашық пікір алмасты. Спикерлер қазіргі таңда маңызды тақырыптар төңірегінде ой-пікірлерін бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Аудан басшысы Жәнібек Ағыбаев өз сөзінде:
«Келес ауданы қайта құрылған 7 жыл ішінде айтарлықтай дамуға қол жеткізді. Бұл – тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің нәтижесі. Алдағы уақытта жастарға қолдау көрсету, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту, мәдениет пен спортты өркендетуге басымдық береміз. Халықпен ашық жүздесулер арқылы ортақ мәселелерді шешуге әрдайым дайынбыз», – деді.
Шара барысында мектеп мұғалімдерінің құқықтары, оқушыларға тәлімді тәрбие беру мәселесі де тілге тиек етілді. Ауыл биі Рахматулла Ермеков мектеп оқушыларына ұялы телефон ұстатпау бастамасын көтерсе, Ләйлә Сұлтанқызы бұл оймен қосылатынын жеткізіп, тәжірибесімен бөлісті.
–Мұндай шешімдерді Президентке не министрлікке жеткізбей-ақ, әр мектептің өзі қабылдауға толық қауқарлы. Бастысы – ата-ана, мұғалім және жергілікті қауымдастық бірлесе әрекет етсе, нәтиже шығады», – деді ол.
Өз кезегінде аудан аумағындағы жеке меншік мектептің директоры бұл бастаманың өз оқу орнында жүзеге асқанын, оның оң нәтижелері байқалып жатқанын айтты.
Сонымен бірге , кездесуде ауылды көтеруде жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру мәселесі қозғалды. Спикерлер қазақтың даңқты балуаны Жақсылық Үшкемпіровтың «Ауылды кәсіпкер көтереді» деген тағылымды сөзін еске алып, кәсіпкерлерді елді дамытуға үлес қосуға шақырды. Келелі басқосуда жастар да өз ұсыныстарын білдірді.






