Елордалық кәсіпкерлер насыбай сатқаны үшін айыппұлды ұлғайтпауды ұсынды

0
43

Астана қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Абылайхан Мүжібаев насыбай сатқандарға айыппұлды әзірше ұлғайтпау қажеттігін айтты, деп жазады kaz.inform.kz.

«Меніңше, әзірге айыппұл мөлшерін көтерудің қажеті жоқ. Тек қолданыстағы заңнама аясында жұмыс істеп, шегілмейтін темекі өнімдерін стақаны үшін көзделген айыппұлды ғана салу қажет», – деді ол палатаның Сауда және қызмет кеңесі отырысында.

Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев елордада өткен аптадан бастап насыбай және шегілмейтін темекі өнімдерін заңсыз сатудың алдын алуға бағытталған іс-шаралардың жүргізіліп жатқанын айтады.

«Қаладағы 5 ауданда 500-ден астам дүкен тексерілді. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан 10 тонна насыбай алынды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Байқоңыр ауданында насыбай дайындаумен айналысатын жасырын цех жұмысы әшкереленді. Тәркіленген насыбай жойылды», – деді ол.

Еске сала кетсек, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев насыбайды өндіруге және таратуға 2015 жылы тыйым салынса да, әлі күнге дейін көшеде, тіпті азық-түлік дүкендерінде ашық сатылып жатқанын сынаған еді.

Қазір насыбай сату бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексте жауапкершілік қарастырылған (196-бап – «Тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау») және 25 АЕК көлемінде айыппұл көзделген. Бұл шамамен 92 300 теңгені құрайды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу