ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨШЕТ ӨНДІРУ МЕН АҒАШ ОТЫРҒЫЗУДА РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

Түркістан облысында орман шаруашылығына қарасты жалпы аумағы 342 гектарды құрайтын 21 тұқымбақ жұмыс істейді. Былтыр жүргізілген түгендеу нәтижесінде бұл тұқымбақтарда өсірілген көшеттер саны 35 миллионнан асты. Нәтижесінде республика бойынша ағаш отырғызу көлемі мен көшетпен қамту көрсеткіші 300 пайызға жетіп, облыс алдыңғы қатардан көрінді. Қазіргі таңда өңірдегі тұқымбақтардың суғару жүйелері тексеріліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары жүргізілуде.
«Жарық-жол және саябақтары» мекемесіне қарасты тұқымбақ 1,2 гектар аумақты алып жатыр. Нысан 2025 жылдың қараша айында іске қосылған және толықтай тамшылатып суғару жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал «Жасыл желек» мекемесінің тұқымбағы 20 гектар аумақта орналасқан. Мекеме басшысының мәліметінше, оның 16 гектарында 40 түрлі көшет өсіріледі. Қазіргі таңда мұнда 1,9 миллион көшет бар. Сонымен қатар арнайы жылыжай аумағы да қарастырылған. Нұрбол Тұрашбеков тұқымбақтың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын атап өтті. Көшет түрлерін көбейтіп, олардың өнімділігін арттыруды тапсырды.






