Түркістан: Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігі – басты назарда

0
85

Түркістан облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “Құқықтық тәртіп” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алып, заңбұзушылық деректерін анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізді.

Нәтижесінде 69 қылмыс «ізін суытпай» ашылса, заңсыз сақталған қару-жарақ пен есірткіге байланысты 12 дерек тіркелді. Жалпы саны 2286 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүрген 296 жағдайы тіркелді. Алкоголь өнімін өткізу ережелерін бұзған 24 адамға шара қолданылды.

Сондай-ақ рейд барысында мас күйінде көлік басқарған 22 жүргізуші мен қарсы қозғалыс жолағына шыққан 18 жүргізуші анықталып, тиісті жауапкершілікке тартылды. Жол ережесін бұзған 1000-нан астам жаяу жүргіншіге де әкімшілік шара қолданылды.

Көші-қон заңнамасын бұзған 264 шетелдік азамат анықталып, оның 75-і сот шешімімен елден шығарылды.

Профилактикалық іс-шаралар қоғамдық тәртіпті нығайтуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысында полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Полицейлер қоғамдық орындарда, көшелерде, оқу орындарының жанында және адам көп шоғырланған аймақтарда интернет-алаяқтық, нашақорлық және өзге де құқықбұзушылықтардан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға күш салуда.

Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тас жол бойына арнайы ескерту белгілері мен билбордтар орнатылып, жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерінің маңыздылығы жайлы бейнематериалдарға қол жеткізу үшін QR-кодтары бар жадынамалар таратылды.

Полиция қызметкерлері барлық азаматтарды заң талаптарын қатаң сақтап, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Қоғамдық тәртіп — баршамыздың ортақ міндетіміз.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу