Түркістан облысында денсаулық саласында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр

Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту мен медициналық қызметтердің сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Соның аясында Сайрам ауданындағы екі бірдей ірі медициналық нысан күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жаңғырту жұмыстары өңір тұрғындарының сапалы, заманауи және қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев арнайы іссапармен ауданға барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жауапты мердігерлерге құрылыс сапасы мен белгіленген мерзімнің сақталуына баса назар аудару тапсырылды.
Аталған жобалар аяқталған соң, медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарып, қызмет көрсету деңгейі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі деп күтілуде. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы – халықтың әл-ауқатын арттырудың, жаңа жұмыс орындарын құрудың және инвестициялық тартымдылықты күшейтудің басты тетігі. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар мен инфрақұрылымдық бағдарламалар – осы бағыттағы нақты қадамдардың дәлелі.
Сайрам ауданындағы орталық аудандық аурухана «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында ауданаралық көпбейінді медициналық мекемеге айналуда. Құрылыс жұмыстарын «КазЭвро» ЖШС жүргізуде, бүгінде нысанда 100-ден астам жұмысшы еңбек етуде. Күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Бұған дейін тұрғындар күрделі тексерулер мен жоғары технологиялық ем алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болса, енді бұл қажеттілік жойылады. Жаңартылған аурухана заманауи медициналық құрылғылармен – магнитті-резонанстық томография (МРТ), компьютерлік томография (КТ) және өзге де құралдармен жабдықталып, аудан тұрғындарына жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Бұл жоба ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау сапасын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Сайрам ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан екінші маңызды нысан – Қарабұлақ ауылындағы аурухана. Ғимараттың тозығы жетуіне байланысты мұнда кешенді жөндеу жұмыстары басталған. Жобаны «Алтын Констракшн» ЖШС жүзеге асыруда. Құрылыс алаңында 60-қа жуық жұмысшы еңбек етуде. Нысанды жаңғырту жұмыстары 2026 жылға дейін толық аяқталмақ.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев нысанға сапар барысында құрылыс барысымен танысып, мердігер компанияларға нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау, жобалық-сметалық құжаттарға сай жұмыс жүргізу, мерзімінен кешіктірмеу және мүмкіндігінше жергілікті жұмысшыларды тарту қажеттігі баса айтылды.
Жобаның жүзеге асуы өңір тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет алуына жол ашады. Сонымен қатар, ауданның денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай күшейіп, қызмет көрсету сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.
Соңғы жылдары Түркістан облысында медициналық нысандарды жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, Кентау қалалық орталық ауруханасы, Қазығұрт ауданы мен Қаратас ауылдық емханасы, Шардара аудандық орталық ауруханасына қарасты Алатау батыр ауылдық емханасы күрделі жөндеуден өткізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Жетісай ауданындағы Асықата ауруханасында да жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.