Еңбек – елдің тірегі. Жұмысшы мамандықтарын дамыту – болашаққа салынған инвестиция

0
11

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – тек экономикалық емес, стратегиялық маңызы бар мәселе. Жастарды нақты өндіріске, заманауи зауыт-фабрикаларға тарту арқылы біз өңірдің  тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеміз.  Мемлекет басшысының жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» – бұл еңбек адамына құрмет пен қолдау, халқы тығыз орналасқан біздің өңіріміз үшін аса маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – еліміздің еңбек нарығындағы өткір мәселелерді шешуге бағытталған маңызды әрі уақытылы шешім. Жастардың техникалық және өндірістік салаға бет бұруын арттыру, жұмыссыздықты төмендету және еңбекке адал көзқарасты қалыптастыру – осы бастаманың басты мақсаттары. Түркістан облысында бұл бағытта қыруар жұмыс атқарылып, нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізілуде.

Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте  қаралды.  Нұралхан Оралбайұлы   жұмысшы мамандықтар жылында жүзеге асырылып жатқан шаралардың формальды емес, нақты нәтиже беруін  қатаң ескертті.

Күн тәртібінде жұмыс орындарын көбейту, шетелдік инвесторлар тартқан өндірістерге отандық мамандарды даярлау, жастарды кәсіптік біліммен қамту сияқты өзекті мәселелер тұр.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұмысшы мамандықтары жылына орай, өтетін барлық іс-шара есеп үшін емес, нақты нәтиже беретін сапалы көрсеткіш пен адам тағдыры үшін жасалуы қажет екендігін айтты.

– Зауыттар мен фабрикалар ашылып жатыр. Бірақ шетел инвесторлары әлі де маман таппай, сырттан шақыруға мәжбүр. Бұл мәселені шешу үшін жастарды өндірістік орындарға апарып, нақты еңбекпен таныстыру қажет. Жұмысшы болу – бұл ауыр жұмыс емес, абыройлы еңбек. Елдің экономикасы – осы мамандық иелерінің қолында. Біз заманауи кәсіпорындар ашып қана қоймай, сол кәсіпорынға нағыз маман керек екенін ұмытпауымыз керек. Экскурсиялар, тәжірибе, дуалды білім беру – осының бәрі жүйелі түрде жүруі тиіс. Жастарымыз шетелден емес, өз елімізден, өз өңірімізден орын тапса – міне, нағыз жеңіс сол! – деді ол.

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Облыстық білім басқармасы 64 бағыттан, 138 нақты іс-шарадан тұратын арнайы жоспар бекіткен. Оның ішінде жұмысшы мамандықтарын дәріптейтін форумдар, көрмелер, жәрмеңкелер, дуалды оқыту жүйесін кеңейту, кәсіптік бағдар беру, озық колледждердің инфрақұрылымын жетілдіру сынды нақты шаралар қарастырылған. Облыстағы 50 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 47 450 студент 84 түрлі мамандық бойынша білім алуда. Биылғы жаңа оқу жылында 15 500 грант бөлінді. Оның ішінде 8 880 грант (61,9%) жұмысшы мамандықтарына берілді. Былтыр колледжді 12 538 түлек бітіріп, соның 75,7%-ы жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік тапсырыспен білім алғандардың 79,5%-ы еңбекке араласқан. Биылғы түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі алғашқы екі айда 48% көрсетіп отыр. Дуалды оқыту жүйесіне 36 колледжден 31 779 студент (35%) қатысуда. Студенттер нақты кәсіпорындарда тәжірибе жинап, оқуын бітіре салысымен жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие болуда.

Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында жұмысшы мамандықтарын дамыту және еңбек нарығындағы нақты сұранысқа сай кадр даярлау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  Enbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы байланыс нығайды.  Облыс бойынша 2 178 бос жұмыс орны тіркеліп, соның 47%-ы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.  Онлайн оқыту арқылы 5 333 адам қайта даярланып, сертификат алды. 2025 жылы «Өңірлік жұмыс орындарын құру картасы» аясында 130 769 жұмыс орны ашу көзделсе, қыркүйекке дейін 100 807 жұмыс орны ашылып, соның 32 473-і жұмысшы мамандықтарына тиесілі.

Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» тапсырмасы бойынша жоспар 117,8%-ға орындалды. Жыл басынан бері 64 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. 7 мыңға жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Ашық есік күндері аясында 37 өндіріс орнына 10 мыңға жуық адам, оның ішінде мектеп оқушылары мен колледж студенттері барып, өндірісті өз көзімен көрді. Колледждерде бизнес-стартаптар, халықаралық аккредитация және жаңа жатақханалар салу жұмыстары да қолға алынды.

Облыста Жұмысшы мамандықтар жылы аясында нақты жұмыстар атқарылып, алғашқы тоғыз айда елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Жұмыс орындарын арттыру, мамандар даярлау, дуалды білім беруді дамыту және жастардың техникалық салаға қызығушылығын ояту – бұл бастаманың басты нәтижелері. Жұмысшы мамандықтарына басымдық беру – тек еңбек нарығын тұрақтандыру емес, сонымен қатар жастарды нақты кәсіпке бейімдеу, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы шешуші фактор.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан бұл бастама – Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы нақты тапсырмаларының өміршең үлгісі. Алдағы уақытта да жұмысшы кадрлар даярлау, оларды жұмысқа орналастыру, әрі қарай қолдау бағытындағы шаралар жалғасын табады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу