Түркістан: Қазақстан-Қытай өнеркәсіптік паркі жобасының іргетасы қаланды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібін дамыту, технологиялық серпіліс жасау және халықаралық әріптестікті нығайту бағыттары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген міндеттер аясында Мақтаарал ауданындағы Атакент кеден бекеті маңында орналасқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының (ХӨКО) аумағында бүгін маңызды оқиға – өнеркәсіптік паркінің іргетасы қаланды.
Жалпы инвестициялық құны 123 млрд теңге болатын бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда 3 000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш Мақтаарал ауданы мен жалпы Түркістан облысы үшін айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық серпіліс береді.
Қазіргі таңда өнеркәсіптік парк аумағында 10-ға жуық жергілікті кәсіпкер өз жобасын бастап, өндірісті жолға қоюда. Бұл жоба Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықаралық серіктестік пен экономикалық байланысты нығайтуға үлкен үлес қоспақ.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында өңдеу өнеркәсібі саласына инвестиция тарту міндетін қойған болатын. Осы бағытта өңіріміздің әлеуетін дамыту үшін бүгін біз «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асырылатын индустриалды парктің іргетасын қалап отырмыз. Бұл жерде электр энергиясын таратуға арналған жабдықтар, төмен вольтты электр жабдықтары, инвесторлар мен өнеркәсіптік автоматика жүйелері, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараттарын өндіру бойынша кәсіпорындар ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстар өңіріміздің республикалық бюджетке тәуелділігін төмендетіп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл жерге 123 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 3 000 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар зауыттардан түсетін салықтар арқылы республикалық және жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемі артады, – деді облыс әкімі.
«Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы – тек өндірістік жоба емес, ол аймақтың болашағын, жаңа экономикалық дәуірін айқындайтын стратегиялық платформа.
Аталған шара барысында Қытайдың халықаралық инвестицияларды қолдау қауымдастығы Экономикалық комитеті бас хатшысының орынбасары Лю Цинфэн, Вэньчжоу қаласының Сауда департаментінің басшысы Юй Лицин сөз сөйлеп, екі ел көшбасшыларының қолдауымен қолға алынған өңдеу өнеркәсібі саласына жобаларды жүзеге асыруға күш салатындарын жеткізіп, жаңа кәсіпорындардың құрылысын сапалы да мерзімінде іске асатынын атап өтті.
Жобалар аясында төмен вольтті электр жабдықтарын өндіру, инверторлар мен автоматтандыру жүйелері, пилотсыз ұшу аппараттары (БПЛА), сондай-ақ жаңартылатын энергия көздеріне арналған құрылғылар өндірісі көзделіп отыр. Бұл өңірді техникалық-инновациялық кластерге айналдыруға мүмкіндік береді.
Түркістан облысында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация (ХӨК) орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ауқымды жоба өңірдегі ірі жүк ағындарын біріктіру, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы ретінде қызмет атқармақ.
Орталықтың басты мақсаты – Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланысты күшейту, логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту және инвестициялық тартымдылықты арттыру. 2027 жылға дейін 60-тан астам ірі жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде 13 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Соның нәтижесінде Түркістан облысы өңдеу өнеркәсібінің жаңа орталығына айналмақ. Жергілікті бюджетке түсетін салық көлемі едәуір артады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, жастарды жұмыспен қамту және кәсіптік даярлау жолға қойылады. Цифрлық өндіріс, автоматтандыру және жасанды интеллект салаларындағы заманауи шешімдер енгізіледі. Жаңа өндірістік, қоймалық және көліктік желілер салынып, логистика жеңілдейді.