Түркістанда 900-ге жуық пәтер пайдалануға берілді

0
4

Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жыл басынан бері 872 пәтер ел игілігіне берілді. Оның ішінде 440-ы – арендалық баспаналар, ал 432 пәтер – тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға табысталды. Бұл туралы Түркістан қалалық Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Үсенбаев БАҚ өкілдеріне берген брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша,  қазіргі таңда Түркістан қаласы бойынша 23 370 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл 944 пәтерлі 11 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жыл соңына дейін 512 пәтерлі 6 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, тапсырылатын болады.

Баспасөз жиынына қатысқан Түркістан облыстық «Отбасы банк» филиалы директорының орынбасары Дәурен Мырзатаевтың айтуынша, биыл банк арқылы несиелік жүйемен 2 078 тұрғын үй берілмек. Түркістан қаласындағы жаңа үйлерге өтініштер облыс бойынша үй кезегінде тұрған салымшылардан қабылданады. Ал пәтерлердің шаршы метр бағасы 180 000 мен 220 000 теңге аралығында белгіленген. Бұл бастамалар – облыс тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу