Заң мен тәртіп: Түркістан облысында интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі пысықталды

Түркістан облысы Полиция департаментінде интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу және оған қарсы күресті күшейту мақсатында жедел кеңес өтті. Кеңесті облыстық Полция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Арман Бейсенбаев бейнебайланыс арқылы жүргізді.
Облыстың барлық аудандық және қалалық полиция бөлімдерінің басшылары, учаскелік инспекторлар қатысқан жиында интернет алаяқтық фактілерінің көбеюі, оның негізгі түрлері мен себептері және құқықтық саясаттың іскер асырылу барысы талқыланды. Аталған бағыттағы түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі сынға алынып, халықпен тығыз қарым-қатынас орнату қажеттігі атап өтілді.
Арман Бейсенбаев өз сөзінде қоғаммен байланысты нығайтуда учаскелік полиция инспекторларының рөліне ерекше тоқталып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, алаяқтардан қорғану жолдарын түсіндірудің маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар БАҚ пен әлеуметтік желілерде ақпараттық-алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды.
Кеңес қорытындысында интернет-алаяқтықтың алдын алу – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі екені айтылып, нақты тапсырмалар жүктелді.