Азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызметіндегі басты бағыттардың бірі

Түркістан облысында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында e-Otinish ақпараттық жүйесі жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба Түркістан облысы полиция департаментінде де тұрғындарға жүйелі қызмет көрсетіп келеді. Биылғы жылдың жарты жылдығында департаменттің құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне e-Otinish арқылы 14 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл арыз-шағымдар дер кезінде қаралып, заңға сәйкес тиісті жауаптары берілді.
Жалпы e-Otinish ақпараттық жүйесі жұмыстың барлық процестерін цифрландырып, мемлекеттік органдардың құзыреті бойынша өтініштердің бағытын автоматты түрде анықтайды.
Азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызметіндегі басты бағыттардың бірі. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау барысы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында. Әрбір келіп түскен өтініш назардан тыс қалмайды. Осы бағытта облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Сапар азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар әкімшілік және қылмыстық істер бойынша мәселелер қозғап, өз пікірлерін жеткізді. Көтерілген барлық уәжі назарға алынып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Жеке қабылдауда Тергеу басқармасының, қалалық, аудандық полиция басқармасының басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік істердің тергеп-тексеруі басшы құрамның бақылауында болатындығы ескертілді. Азаматтардың әрбір өтініші бойынша тиісті тексерулер жүргізіліп, оларға міндетті түрде жазбаша түрде жауап қайтарылады. Өңірді дамытуда тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері маңызды.