Түркістан экономикасы серпінді дамып келе жатқан орталыққа айналды

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындарды ашу бағытында жұмыстар жандануда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, өндіріс орындарын ашу мен дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр.
Бүгінде Түркістан қаласы тек рухани-мәдени орталық қана емес, сонымен қатар өндірістік әлеуеті жоғары, экономикасы серпінді дамып келе жатқан орталыққа айналды. Әсіресе, жиһаз өндірісі қарқынды дамып, Түркістан облысы республика бойынша жетекші орынға шықты.
Жыл сайын қалада жүздеген мың дана жиһаз өнімдері өндіріліп, ішкі нарықтан бөлек еліміздің өзге өңірлеріне және шетелдерге де экспортталуда. Бұл жетістік – жергілікті кәсіпкерлердің тынымсыз еңбегі мен мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі.
Өңірде кәсіпкерлікке көрсетіліп жатқан жан-жақты қолдау, инфрақұрылымның дамуы мен өндірістік алаңдардың артуы экономиканың жаңа серпін алуына зор ықпал етуде.
Бұдан өзге қалада әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарда жиһаз өндірісімен айналысып жатқан ірі кәсіпорындарды аралап, өндірістік үдерістермен танысты. Қала басшысы «Идеал Туркестан» ЖШС, «LIDER GROUP» ЖК және «ASIA BREND» мекемелеріне арнайы барып, кәсіпкерлермен пікір алмасып, жұмысшылардың жағдайына да назар аударды.
«Идеал Туркестан» ЖШС – Түркістандағы ең ірі жиһаз өндірушілердің бірі. 3 гектар аумақта орналасқан кәсіпорында жылына 200 000 дана жиһаз өнімдері шығарылады. 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жылдық қаржылық айналымы 1,8 млрд теңгені құрайды.
«LIDER GROUP» ЖК – жылына 80 000 дана жиһаз өндіріп, 1,55 млрд теңге қаржылық айналымға ие. 0,55 гектар аумақта орналасқан бұл өндіріс орнында 60-70 азамат тұрақты еңбек етуде. Компания өнімдерінің басым бөлігі жоғары сұранысқа ие.
«ASIA BREND» – 1,5 гектар аумақты алып жатқан ірі өндіріс ошақтарының бірі. Жылына 22 000 дана жиһаз өнімін шығарып, 1,1 млрд теңге көлемінде айналым қалыптастырып отыр. Мұнда 150-ге жуық адам тұрақты қызмет етеді.
Аталған кәсіпорындардың барлығы бүгінде толық қуатта жұмыс істеуде. Бұл –Түркістандағы индустриялық дамудың нақты көрсеткіші. Қала әкімі өндіріс орындарының жұмысын жоғары бағалап, өңірлік экономиканы нығайтудағы үлестерін ерекше атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктерді тиімді пайдалану арқылы өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын баса айтты.
Жалпы, Түркістан қаласында кәсіпкерлікті қолдау мен өндірісті дамыту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Қала әкімдігі тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, өндірістік аймақтарды дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді. Бұл өз кезегінде жергілікті экономиканың тұрақты дамуына және халықты жұмыспен қамтуға берік негіз болатын болады.