Түркістан: Сарыағаш ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар

2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы экономикалық өсім қарқыны жағынан елімізде алдыңғы орында. Өңірдің өсім көрсеткіші 120,4%-ды құрап, барлық негізгі салаларда оң динамика байқалды.
Негізгі экономикалық көрсеткіштерге тоқтала кетсек:
– Өнеркәсіп өндірісі – 593 млрд теңге;
– Ауыл шаруашылығы – 194,3 млрд теңге;
– Құрылыс жұмыстары – 117,4 млрд теңге;
– Сауда айналымы – 269,7 млрд теңге;
– Көлік және логистика – 209,3 млрд теңге;
– Байланыс қызметтері – 4,9 млрд теңге;
– Пайдалануға берілген тұрғын үйлер – 306,1 мың шаршы метрді құрап отыр.
Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының экономикасы әртараптанып, бірқатар салаларда тұрақты және қарқынды даму жолына түскенін көрсетеді.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық өсімді 6%-ға жеткізу жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған. Осыған орай Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен тұрақты түрде өтетін аппараттық мәжілістерде экономикалық өсімді қамтамасыз ету тетіктері кеңінен талқылануда. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыста облыс оң өсімдерге қол жеткізіп отыр. Бірақ жекелеген аудан, қалаларда бірқатар бекітілген индикаторлардың орындалуы төмен деңгейде. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі индикаторларының орындалуын қамтамасыз етпеген басқарма басшыларының жауапты орынбасарлары мен аудан, қала әкімдері орынбасарларының жауапкершілігі қаралатынын айтты.
Облыс әкімі аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына 2025 жылға қойылған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер әр тоқсанда жеке-жеке сараланып, талдау жүргізілуде. Қазіргі таңда көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы салаларын қоспағанда, барлық бағыттар бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізілген.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан-қалалардың экономикалық дамуын қамтамасыз етуге арналған арнайы жоспар әзірленіп жатыр. Әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау да жүйелі түрде жүргізіліп, тиімді басқару мен бақылау күшейтілуде.
Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облысқа қарасты барлық аудан-қалаларды аралап, жиналыс өткізуде. Бұл жолы өңір басшысы Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен жиын өткізді. Басқосуға облыстық басқарма басшылары, аудан әкімдігі мен ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары қатысты.
Басқосу барысында аймақ басышысы Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы, өндірістік көрсеткіштері мен инфрақұрылымдық жобалардың орындалу барысында тоқталып, оң динамика бар екенін атап өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, жол жөндеу және ауыз су мәселелері де назардан тыс қылмады.
Мәжілісте облыс әкімі инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету, инвестициялық жобаларды іске асыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қоса ауданның табиғи-климаттық ерекшелігін тиімді пайдаланып, туризм мен шағын және орта бизнесті өркендету қажеттігі айтылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өз сөзінде туризм саласын дамыту, инвестиция тарту және ауданның өзіндік кірісін арттыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Президент тапсырмасы Түркістан облысында қазіргі таңда жүйелі жүзеге асып, өз нәтижесін беріп жатыр. Әсіресе, Сарыағаш ауданында туризмнің мүмкіндігі мол. Ауданның, аудан орталығының тазалығына мән беріңіздер. Сарыағаш – облысымыздың ірі әрі әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Халық саны көп, еңбекке қабілетті жастар жеткілікті. Сондықтан әрбір салада жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Біз жанашырлықпен жұмыс істеуіміз керек. Күнделікті ізденбесек іс өнбейді. Өндіріс орындарын ашу, өзіндік кірістерді ұлғайту мәселесі күн тәртібінен түспейді, – деді ол.
Жиын барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тазалық сақтау, көгалдандыру, білім беру, денсаулық сақтау, жол жөндеу, ауыз сумен және газбен қамту салаларындағы түйткілді мәселелерге назар аударды. Ол бұл бағыттағы жобалар тұрақты бақылауда болатынын ескертіп, жоспарды толық орындамаған ауылдық округ әкімдері мен басқарма басшыларына сын-ескертпе жасады.
Аудан әкімі Арман Абдуллаев өңірді дамыту мақсатында атқарылған жұмыстарды баяндап, нақты көрсеткіштермен таныстырды. Сондай-ақ, басқарма басшылары салалар бойынша индикаторлардың орындалу деңгейін саралап, алдағы міндеттерді атап өтті.
Отырыс соңында аудан активі облыс әкімінің тапсырмаларын қолдайтындықтарын білдіріп, Сарыағаштың дамуына өз үлестерін қоса беретіндіктерін жеткізді.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданында негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі алты айда 141,5 млрд теңгеге жетіп, НКИ 135 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы саласында 51,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 118,1 пайызға жетті. Алты айда ауданға 31 млрд инвестиция тартылса, өнеркәсіп саласында 15,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсімге қол жеткізілген.