Заң мен тәртіп: Түркістан облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр

Түркістан облысында жасөспірімдер қылмысының алдын алу және кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарына жол бермеу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс немесе ойын-сауық орындарында жүрген жасөспірімдер анықталуда. Іс-шараның алғашқы тәулігінде тәртіп сақшылары 140-тан астам әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Оның ішінде ата-аналардың балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындамауының 13 фактісі, сондай-ақ заңды өкілдері жоқ түнгі уақытта үйден тыс жүрген 120 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды. Профилактикалық есепке 13 жасөспірім мен 6 қолайсыз отбасы алынды.
Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерісіз көшеде болуына жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігін ескертті.
Полиция ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, мінез-құлықтарын бақылауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай да жалғасады.
Түркістан облысы полиция департаменті басшысының нұсқауына сәйкес, Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шараны жүзеге асыруда.
Іс-шара барысында жасөспірімдер арасында қылмыстың алдын алу, қоғамдық орындар мен көшелерде бұзақылықты болдырмау, сондай-ақ балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандардың есірткі және психотроптық заттарды тұтыну деректерін анықтау бойынша да шаралар қабылданды.
Полицейлер түнгі уақытта адамдар көп шоғырланған ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық орындарда рейд өткізіп, нәтижесінде 42 жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді. Олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар, құқық бұзушылыққа бейім 3 жасөспірім күрделі отбасы есебіне алынды.
Одан өзге Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстарды, оның ішінде топтық төбелес, бопсалау, жолын кесу сияқты құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін «Түнгі қаладағы балалар» жедел-алдын алу шарасын өткізуде. Сондай-ақ, түнгі уақытта заңды өкілдері жоқ жасөспірімдердің ойын-сауық орындарында және тұрғын үй-жайлардан тыс жерде болуына жол бермеу басты мақсатқа қойылған.
Рейд барысында полицейлер жүргізушілерге жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды ескертіп, қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды. Жеке кәсіпкерлерге түнгі 22:00-ден кейін кәмелетке толмағандарды заңды өкілдерісіз ғимаратқа кіргізбеу және оларға темекі мен спиртті ішімдіктер сатуға болмайтынын түсіндіріп, ескерту жасады.
Шара барысында заңды өкілдерінсіз түнде жүрген 20-ға жуық жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Бұл шаралардың мақсаты – жастарды қауіпсіз ортада тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау.