Заң мен тәртіп: Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» акциясы өтуде

Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы облыстық әкімдікпен және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен бірлесіп, Төлеби ауданы мен Сайрам ауданындағы балалар лагерінде арнайы акция ұйымдастырды.
Шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақты есірткі заттарының зиянды әсерінен қорғау және заңсыз әрекеттердің ауыр салдарын түсіндіру болды. Акция аясында есірткіні жасырын тасымалдаушыны ұстау бойынша театрландырылған қойылым көрсетіліп, бұл балаларға есірткіге тәуелділіктің қауіптілігі мен өмірге келетін ауыр зардаптарды көрнекі түрде жеткізді.
Мамандардың айтуынша, бұл улы заттарды тұтынушылардың көпшілігі – 18-25 жас аралығындағы жастар. Осыған орай, нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарына емес, барша қоғамға ортақ міндет болуы тиіс.
Жастарды есірткіден арашалап қалу – ұлттың келешегін сақтау. Сондықтан әрбір ата-ана, ұстаз, тәртіп сақшысы мен қоғам белсендісі бірігіп әрекет етуі қажет. Тек бірлескен күшпен ғана бұл індетке тосқауыл бола аламыз.
Сонымен қатар, шара барысында кинологтардың кәсіби иттерінің көрмесі ұйымдастырылып, балаларға иттердің тыйым салынған заттарды қалай табатыны көрсетілді. Кинолог мамандардың шеберлігі ерекше әсер қалдырды.
Акция соңында өткізілген спорттық жарыстың жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етілді.
Бұл іс-шара нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас ұрпақтың болашағын қорғауға бағытталған маңызды шара болды.
Сайрам ауданында өткен акция барысында есірткі қылмысының алдын алу, денсаулықты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мәселелері кеңінен қаралды.
Кездесудің соңында спорттық сайыс жеңімпаздарына полицейлер бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табыс етті. Бұл шара жас ұрпақтың болашағын қорғауға бағытталған маңызды бастама болып табылады.