Ертай Алтаев Отырарға барып, ірі кәсіпоорындарды аралады

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Отырар ауданына жұмыс сапарымен барып, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ірі кәсіпорындардың қызметімен және алдағы жоспарларымен танысты.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары ең алдымен «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС-не арнайы барды. Заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы өнімділікті арттырған бұл инвестициялық жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Ертай Алтаев кәсіпорын басшыларымен кездесіп, өндірістің қазіргі жағдайы мен даму жоспарларын талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары өндірістік тиімділік пен агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларға қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қатар, аудан экономикасын әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы саласында инновацияларды енгізу мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Шәуілдір ауылындағы орталық спорт алаңының жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылысына жауапты мердігер компания басшыларымен кездесіп, жөндеу сапасын бақылауда ұстау мен нысанды белгіленген мерзімде аяқтау қажеттігін ескертті. Жоба аясында алаңша ауыл жастары мен балалардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай туғызатын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда Түркістан облысында спорт дамуының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қарқынды артып келеді. Облыста бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру және жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде спорт саласындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай жақсарған.
Өңірде 2024 жылы 73 спорт нысанының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілсе, 2025 жылы 51 жаңа нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл — тұрғындардың спортпен айналысу мүмкіндігін кеңейтіп, ауылдық жерлердегі жастар үшін қолжетімді спорт инфрақұрылымын қамтамасыз етуге жол ашты.
Сонымен қатар түрлі деңгейдегі жарыстар, спорт секциялары мен үйірмелердің көбеюі спортпен шұғылданатын халық үлесін арттыруға сеп болды. Түркістан облысында бүгінде 700 мыңға жуық адам спортпен тұрақты айналысады.
Жергілікті атқарушы органдардың қолдауы мен инфрақұрылымға тартылған инвестициялардың артуы спорт саласын дамытуда оң серпін беруде.