Заң мен тәртіп: Түркістан облысында жаңа шекаралық полиция бекеті салынып жатыр

Түркістан облысы мен Жамбыл облысының шекарасында құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында жаңа шекаралық полиция бекетінің құрылысы басталды. Түлкібас ауданының таулы, климаттық жағынан күрделі аумағында бой көтеріп жатқан жаңа нысан ҚР Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында іске асырылуда.
Шекаралық бекет заманауи талаптарға сай жабдықталады. Онда бейнебақылау жүйелері, арнайы техника, автотұрақ және полиция қызметкерлерінің жұмысын барынша оңтайландыруға бағытталған инфрақұрылым қарастырылған. Бұл – өңір қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Нысанның құрылысы 2024 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жоба Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің тікелей бақылауында тұр.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Мұрат Қабденов Сайрам ауданындағы облыстық патрульдік полиция батальонының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда жеке құрамның жайлы еңбек етуі үшін жаңа шеру алаңы мен қосымша нысандар салу жоспарланған.
Құқықтық тәртіп – басты назарда
Түркістан облысында шекара қауіпсіздігін күшейту, құқықтық тәртіпті сақтау және полиция қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жаңа шекаралық бекет құрылысы, патрульдік полиция ғимаратын жаңғырту және материалдық-техникалық базаны нығайту – осының айғағы.
Департамент басшылығының айтуынша, полицейлердің тиімді қызмет атқаруы тікелей олардың жұмыс жағдайына байланысты. Сондықтан заманауи құрал-жабдықтармен қамту, инфрақұрылымды жақсарту – полиция жұмысының сапасын арттырудағы маңызды қадам.
Бұл шаралар облыстағы құқықтық тәртіптің нығаюына және халықтың полицияға деген сенімін арттыруға ықпал етеді. Полиция қызметі халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне жағдай жасауды жалғастыра бермек.