Түркістан облысында «Ауыл аманаты» аясында жаңа жылыжай кешені салынуда

Бұл кешен – ауыл экономикасын әртараптандыруға серпін береді. Жылыжай шаруашылығы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі табысты сала. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, облыс экономикасына серпін береді. Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіп саласында көш бастап тұрған аймақтардың бірі. Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Осы ретте, өңірде ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі жобалар легі жалғасуда. Солардың бірі — Ордабасы ауданындағы Шұбарсу елді мекенінде бой көтеріп жатқан ауқымды жылыжай кешені. Бұл жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров аталған жылыжай кешенінің құрылысымен арнайы танысып, жауапты тұлғалармен кездесіп, кешен құрылысының маңыздылығына тоқталып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тартудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ кәсіп бастаймын деген азаматтарды барынша қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Жалпы жоба құны 250 миллион теңгенің құрайтын жылыжай кешені 7,5 гектар жер аумағында орналасқан. Қазіргі таңда 0,18 гектар аумаққа қияр дақылы жерсіндіріліп, алғашқы агротехникалық жұмыстар басталды.
Бағдарлама аясында салынған кешенде қызанақ пен қияр өсіріледі. Өнімдер алдымен ішкі нарыққа жеткізіліп, жергілікті базарлар мен сауда орындарына жөнелтілмек. Жоба аясында 30 азамат «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы қаржылай қолдауға ие болды. Оның ішінде 20 тұрғын жалпы сомасы 167 млн теңгені құрайтын несие рәсімдеген. Бұл ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрақты табыс көзіне ие болуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда 42 учаскеге бөлінген жылыжай жобасының 17-сінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Оның ішінде 3 учаске толық жабдықталып, іске қосуға дайын тұр.
Бұл жоба – «Ауыл аманаты» бағдарламасының нақты нәтижесі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, өңірлік экономиканы әртараптандыру және жергілікті өнім өндірісін арттыру бағытындағы бастамалар жалғасын таппақ.