Түркістан: Мақтааралдағы ірі инфрақұрылымдық жоба өңір экономикасына оң әсер етеді

0
18

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы А-15 республикалық маңызы бар автомобиль жолының 2-шақырымында орналасқан көпірге күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған нысан аудан тұрғындары үшін маңызды көлік инфрақұрылымдарының бірі болып саналады және өңірдегі көлік қатынасының қауіпсіздігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Жобаның жалпы ұзындығы 168,6 метрді құрайды. Оның ішінде көпірдің ұзындығы – 25,4 метр, ал жолдың ені – 9 метр. Инфрақұрылымдық жобаның жалпы құны 358 миллион теңгені құрайды.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысу мақсатында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Түркістан облыстық филиалының директоры Ербол Пірімбетов арнайы жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына барды. Сапар барысында мердігер мекеме – «TM-Bussine group» ЖШС өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасы мен нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда нысанда бірқатар маңызды жұмыстар толық аяқталған. Атап айтқанда, көлік қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша айналма жол салынды. Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне қажетті белгілер орнатылып, инженерлік-коммуналдық желілер көшірілді. Ескі көпір құрылымдарын демонтаждау жұмыстары да толық жүргізілген.

Бүгінде құрылыс алаңында жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес көпірдің қадалы іргетасын дайындау жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, арматуралық қаңқаларды тоқу, ұңғымаларды бұрғылау және бетон құю секілді маңызды технологиялық процестер орындалуда. Бұл жұмыстар көпірдің беріктігі мен ұзақ мерзімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Нысанда қажетті жұмысшы күші мен арнайы техникалар жеткілікті деңгейде жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстарының сапасы тапсырыс беруші мекеме, техникалық қадағалау ұйымдары және ұлттық сапа орталығы тарапынан тұрақты бақылауда.

Жауапты мамандардың мәліметінше, көпірді күрделі жөндеу жұмыстары биылғы жылдың соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Аталған жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін береді. Атап айтқанда, ауданішілік және облысаралық көлік қатынасы жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз әрі ыңғайлы қатынауына мүмкіндік артады. Сонымен қатар жүк тасымалының тиімділігі артып, ауыл шаруашылығы өнімдерін нарыққа жеткізу уақыты қысқарады. Бұл өз кезегінде Мақтаарал ауданының инвестициялық тартымдылығын арттырып, кәсіпкерлік пен сауда-саттықтың дамуына оң әсер етеді.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі жүзеге асыру Түркістан облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу