Түркістан облысында ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде

0
24

 

Түркістан облысында ауыл шаруашылығының дамуы – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды жылдам енгізу және қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту міндеті қойылған.

Осы міндетті орындау мақсатында Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы облыста 27 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланса, нақты уақытта 59 мың гектар алқапқа озық суғару әдістері орналастырылған.

Атап айтқанда, 44 мың гектар алқап тамшылатып суғару жүйелерімен, ал 15 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиялары енгізілген. Бұл көрсеткіштер облыстағы суармалы алқаптардың 20%-ын қамтиды.

Су үнемдеу технологияларын қолдану су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда. Түркістан облысы бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай да жандандырып, ауыл шаруашылығын инновациялық тәсілдер арқылы дамытуға күш салатын болады.

Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын дамыту және қол жетімділігін қамтамасыз ету бағытында маңызды қадамдар жасалуда. Өткен жылы Сауран ауданындағы Өндірістік паркінде 3 жаңа кәсіпорын іске қосылып, олардың жалпы жобалық құны 12 млрд теңгені құрады. Бұл кәсіпорындар жылына 73 мың гектар алқапты суғару мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

2024 жылы құны 10 млрд теңгені құрайтын тағы 3 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр, олардың өнімдері 60 мың гектарға дейінгі алқапты қамтуға бағытталған.

Су үнемдеу технологиясын енгізу нәтижесінде ағын су көлемі екі есеге дейін азайып, ауыл шаруашылығы өнімділігі 2-3 есеге артатын болады. Бұл технологиялар экономиканың тиімділігін арттырып, су ресурстарын үнемді пайдалану мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы Түркістан облысының ғана емес, сондай-ақ көршілес өңірлердің су үнемдеу технологияларына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл – өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы инновациялық даму стратегиясының маңызды бөлігі.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу