Түркістан облысында жаңа зауыттар салынып жатыр

0
46

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан облысында бірнеше жаңа зауыттың іргетасы қаланып, бірқатары іске қосылды. Бұл – өңір экономикасын әртараптандыру мен өнеркәсіптік әлеуетті күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

Индустрияландыру бағдарламасы аясында облыс орталығы мен аудан-қалаларда құрылыс материалдары, тағам өнімдері, тоқыма және машина жасау бағытындағы кәсіпорындар бой көтеріп жатыр. Аталған жобалар өндірісті ғана емес, өңірдің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге шығаруға негіз болады.

Жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығы артып, инвестициялық климат жақсарып келеді.

Мәселен, жыл басынан бері  Түркістан облысына 694,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 133,8%-ға артық. Тартылған қаражаттың 72,3%-ы жеке инвестициялар үлесінде.

Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда. Атап айтсақ, мақтаны, күрішті және өсімдік майын қайта өңдейтін зауыттардың құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын мен ірі қара малға арналған сүт-тауар фермасының құрылысы да жоспарда бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған полиэтилен мен крахмал негізіндегі биологиялық ыдырайтын пластикалық бұйымдар өндірісі, органикалық қалдықтарды қайта өңдеу зауыты, тамшылатып суару жүйесі өндірісі, автоматтандырылған кірпіш зауыты, металл конструкциялары мен бұйымдарын шығаратын өндірістер іске асырылмақ. Бұл жобалар өңірлік өнеркәсіптің қуатын арттырып, жұмыс орындарын көбейтуге және экспорттық әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастамаларды тікелей бақылауында ұстап, олардың тиімді әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиында өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен өңірдегі әлеуметтік-экономикалық  бағыттағы  жоспарлар жан-жақты сараланды.

Облыс әкімі әр жобаны жеке қарастырып, инвесторлармен ашық диалог жүргізді. Жобаларға қатысты өзекті мәселелер көтеріліп, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.

Кездесуде жобалардың инфрақұрылыммен қамтылуы, қолдау шаралары мен кедергілерді жою жолдары талқыланды. Әкім ірі инвесторларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.

-Біздің өңір үшін бұл инвестициялық жобалардың маңызы зор. Қазіргі таңда барлық аудан-қалаларда өндірістік нысандар мен зауыттар ашуға басымдық беріліп отыр. Әкімдік тарапынан толық қолдау көрсетіледі. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары әрбір инвесторға нақты көмек көрсетіп, жобаларды толық сүйемелдеуі тиіс. Инвесторлар да өз кезегінде жобаларды мерзімінде іске асыруға жауапты, – деді Нұралхан Көшеров.

Штаб отырысында отырысында басқа да жобалардың іске асу барысы қаралды. Кестеден кешігіп жатқан жобалар бойынша жұмыс қарқынын арттыру тапсырылды. Әсіресе, Түркістан қаласында қуаттылығы 27,6 МВт болатын газпоршенді жылу электр станциясының құрылыс жұмыстары ерекше назарға алынды. Бұл жоба іске қосылған жағдайда қаладағы жылу және энергиямен қамту мәселесін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

Жиында облыс әкімі барлық жауапты тұлғаларға жобаларды мерзімінде және сапалы орындауды, инвесторлармен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды.

Айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Өңірлік инвестициялық штабтың жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде Түркістан облысында жаңа өндіріс орындары ашылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін инвестициялар белсенді тартылуда.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу