Сот жүйесі: Азаматтар құқығын әділ қорғауға бағытталған реформалар

0
37

Қазақстан Республикасының Конституциясында адам және оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде белгіленген. Ел Президентінің бастамасымен жүргізілген конституциялық реформалар азаматтардың құқықтық мәртебесін күшейтіп, сот арқылы қорғалу тетіктерін жетілдіруге бағытталды. Атап айтқанда, 2022 жылғы 8 маусымдағы Конституцияға енгізілген өзгерістер – құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтып, әр азаматтың әділ сот төрелігіне қол жеткізуіне жол ашты. Енді әр қазақстандық заңсыз шешімге шағымдануға, өз құқығын қорғауға толық мүмкіндікке ие. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы жауапкершілігі мен құқықтық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам. Әр адам өз құқығын біліп қана қоймай, оны қорғау жолдарын да меңгеруі тиіс.

Елімізде соттың рөлі орасан зор. Өйткені адамның құқығы бұзылған немесе бұзылмағанын заң жүзінде анықтап, үкім шығаратын құзіретті орган.  Осыған орай сот жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді реформалар жүргізілуде. Басты мақсат – сот процестерін оңтайландырып, артық бюрократиялық рәсімдерден арылту және озық ақпараттық технологияларды енгізу арқылы азаматтар құқықтары мен бостандықтарының, заңды мүдделерінің әділ қорғалуына қолайлы жағдай жасау, бұл тұрғыдағы қызмет сапасын жақсарту.

Мемлекеттің ең қымбат құндылығы – адам. Демек мемлекет және мемлекеттік органдар қарапайым адамның құқықтары үшін жұмыс істеуі тиіс.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» және «Әділ қоғам мен тиімді мемлекет» тұжырымдамалары еліміздегі құқықтық реформалардың негізі болып отыр. Олар демократия, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы туралы, идеологиялық және саяси саналуандық, барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі туралы, әділ сот арқылы қорғалу құқығы, кез келген негіздер бойынша кемсітушілікке тыйым салу туралы, азаматтың мемлекетті басқарудағы құқығы, сайлау және сайлану құқығы туралы, қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы конституциялық принциптер мен нормаларды айқын көрсетеді.

Қазіргі таңда  межеленген мақсат-міндеттер орындалуда деуге толық негіз бар. Мәселен,  азаматтар құқықтарын сотта әділ қорғауда.  Жақында Түркістан облысындағы Әділет үйінде сот отырысы өтіп, төреші кәсіпкерлердің құқығын қорғады.

2023 жылы микроқаржы ұйымы (МҚҰ) өндірістік кооперативке (ӨК) сүт өңдеу цехын ашу және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін құрал-жабдық сатып алуға 19 млн теңге бөлген. Несие 2028 жылға дейін жылдық 2,5 пайызбен берілген. Кепілгер алты азамат, оның ішінде ӨК төрағасы болған.  Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, біраз уақыттан кейін МҚҰ несие қаражатын мақсатсыз пайдаланды деген желеумен ӨК пен төрт кепілгерден бірлесіп 7,5 млн теңге өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандырып, жауапкерлерден 2,3 млн теңге өндірген.

Түркістан облыстық соты істі жауапкерлердің шағымы негізінде қарап, шарт талаптары тиісінше орындалған деп тапты. Бастапқыда шартта көрсетілген жабдықтың орнына сүт өндірісін іске қосуға қажетті басқа, тиімдірек құрылғылар, тиімді құрал-жабдықтар алынған.

Осылайша, құны жоғары болғандықтан, сүтті қайнатуға арналған 1000 және 500 литрлік қазандықтар сатып алынбаған. Оның орнына ірімшік ерітетін, араластыратын, порциялайтын машиналар алынған. Жабдық несиелік комитетпен келісілген және МҚҰ қабылдаған және оны сатып алу несие беру талаптарына сәйкес келеді және келісімшарттарын бұзбайды.

Демек, қарыз қаражатын пайдалану мақсатты деп танылып, кооперативтің келісім бойынша міндеттемелері толық көлемде орындалды. Осы реттте  апелляциялық алқа бірінші сатыдағы сот шешімін бұзып, МҚҰ-ның талап қоюын қанағаттандырудан бас тартты.

Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру және құқықтық қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған байланысты өңірде дәстүрлі түрде арнайы жиын өткізіліп,  онда бірқатар өзекті мәселелер талқыланады. Атап айтқанда, құқықтық қамтамасыз ету бойынша бейінді ведомстволардың жұмысын күшейту, халықтың құқықтық мәдениеті мен толеранттылығын арттыру, құқықтық сана қалыптастыру, сондай-ақ заң жобалары мен мемлекеттік органдардың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері сөз болады. Сонымен қатар мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің тиімділігін арттыру, сот жүйесіндегі реформаларды іске асыру, адам құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері де жиынның басты тақырыптарының бірі болды.

Жиын барысында құқықтық саясаттың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен тығыз байланысты екені атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту бойынша нақты ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.

 

 

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу