Қытай сапары: Әлеуметтік-экономикалық әріптестікті нығайту бағытында келіссөз жүргізілді

0
54

Түркістан облысының делегациясы Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясына жұмыс сапарымен барды. Делегацияны облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков бастап барды. Сапар мақсаты – әлеуметтік-экономикалық әріптестікті кеңейту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту.

Сиань қаласында Түркістандық делегация Шэньси провинциясы губернаторының орынбасары Чэнь Чуньцзянмен кездесті. Тараптар екі өңір арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамыту, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдени алмасу және туризм салаларында өзара серіктестікті арттыру мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, биыл маусым айында Орталық Азия – Қытай саммиті аясында Түркістан облысы мен Шэньси провинциясы арасында бауырластық өңірлер болу туралы келісімге қол қойылған болатын. Сапар барысында Отырар ауданының әкімі Қ.Жолдыбаев пен Шэньси провинциясының Линьтун ауданы Халық үкіметі партия комитетінің хатшысы Мяо Цзи Бауырластық туралы меморандумға қол қойды.
Линьтун ауданы (Шэньси провинциясы, ҚХР) – Сиань қаласының шығыс бөлігінде орналасқан және оның әкімшілік аудандарының бірі. Бұл аймақ әйгілі Цинь Шихуан кесенесі мен Терракота әскері кешеніне апаратын қақпа ретінде белгілі. Линьтунда туризммен қатар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика және мәдени алмасу бағытында белсенді дамуда.
Түркістандық делегация Шэньси провинциясының бірқатар ірі кәсіпорындарымен өткен кездесулерде құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда-логистикалық орталықтар құру және қайта өңдеу салаларындағы жобаларды талқылады. G2B форматындағы кездесулер де ұйымдастырылды. Қытайдың құрылыс, үй тауарлары, қағаз және жеке гигиена құралдарының өндіретін компаниялары, ауыл шаруашылығы, энергетика және басқа салаларға қатысты компания өкілдері өз ұсыныстарын жеткізді. Қазақстанда жүгері зауытын салу, Орталық Азияда туризмді дамыту және әуе бағыттарын кеңейту бойынша да келіссөздер жүргізілді. Делегация Шэньсидегі сүт өнімдерін өндіретін, соя майын өндіретін зауыттарды көрді.
Бұл сапар Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және жаңа әлеуметтік-экономикалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Айта кетсек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу