ЕРТАЙ АЛТАЕВ ОТЫРАРДА ҚОҒАМДЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ АРНАЛҒАН КӨШПЕЛІ ОТЫРЫС ӨТКІЗДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Отырар ауданына жұмыс сапары барысында қоғамдық тұрақтылықты сақтау және нығайту мәселесіне арналған көшпелі жиын өткізді. Отырыста ел бірлігі, қоғамдық-саяси ахуал және халықпен тиімді байланыс орнату сынды маңызды бағыттар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы сараланып, жұмыссыздықпен күрес, инфрақұрылымдық жобалар және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы шаралар сөз болды.
Жиында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және экономикалық-әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешудің маңызын атап өтті, әрбір мемлекеттік орган мен жергілікті билік халықпен тығыз жұмыс істеуі қажеттігін баса айтты. Азаматтар көтерген кез келген мәселе назардан тыс қалмай, заң аясында шешімін табуы тиіс екенін жеткізді.
Отырыста Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Нұрсұлтан Жұмашбеков пен Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов баяндама жасап, өңірдегі қоғамдық тұрақтылық бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы көтерілген ұсыныс-пікірлерді назарға алып, қоғамдық келісімді нығайту жолында жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар беріп, ел ішіндегі татулық пен келісімді сақтау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.