Түркістанда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жалғызбасты қарттарға көмек көрсетілді

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында әлеуметтік-маңызды шара ұйымдастырылды. Аталған шараның мақсаты – жалғызбасты қарт адамдарға тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды насихаттау.
Бұл бастамаға Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ерікті жастары мен жауапты мамандары қарт азаматтардың үйіне барып, тазалық жұмыстарын жүргізді және күнделікті өміріне қажетті әлеуметтік қолдау көрсетті. Сонымен қатар іс-шара аясында облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Дінислам Бимаханбетов экологиялық тәртіпті сақтау, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізді.
-Аталған бастама «Таза Қазақстан» жобасының негізгі бағыттарына сәйкес жүзеге асырылып, қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, жастардың еріктілік қызметке белсенді қатысуына және экологиялық сана-сезімді нығайтуға бағытталды. Іс-шараға Түркістан облысының Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, белсенді жастар, еріктілер мен қоғам өкілдері қатысты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады, – деп айтты сала маманы.
Айта кетейік, 2025 жылы Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық шарасы өтті. Экологиялық бастамаға 1 млн-нан астам тұрғын қатысып, 7 мың техника жұмылдырылды. Көшелерде, қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары тұрақты жүргізілді. Нәтижесінде 1 милионнан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.






