Түркістан облысында білім ұйымдарын қауіпсіздік жүйесімен қамту жұмыстары жүргізілуде

Түркістан облысында білім беру ұйымдарын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының мектептер мен балабақшаларды 100% қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылуда.
Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Жиынға облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов, Полиция департаменті бастығының орынбасарлары Бағланбек Айтпаев пен Мұрат Естемесов, цифрландыру басқармасы және байланыс операторларының өкілдері қатысты.
Кеңесте бейнебақылау жүйелерінің тиімділігі мен оқу орындарын ЖБО-ға қосудың маңыздылығы талқыланды.
Облыста 1400-ден астам балабақша бар. Оның 175-і — мемлекеттік, 646-ы — жекеменшік. Қазіргі таңда бала саны 100-ден асатын бөбекжайларда бейнебақылау камераларын орнату міндеттеліп отыр. Жауапты органдар бұл бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен іске асырып келеді.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 15 мемлекеттік балабақша Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына (ЖБО) облыстық цифрландыру басқармасының бюджеті есебінен қосылды. Ал жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар бұл жүйеге өз қаржысы есебінен қосылуда.
Өңірде 1300-ге жуық мектеп бар. Оның ішінде мемлекеттік мектептердің 98%-ы ЖБО-мен байланыстырылып, қауіпсіздік жүйелері орнатылған. Колледждерде бұл көрсеткіш 85%-ды құрайды. Сонымен қатар барлық білім ұйымдарында дабыл түймелері 100% орнатылып, турникет жүйесі мен күзет қызметі толығымен қамтылған.
Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық еткен жиында бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылып, бақылауға қосылмаған мекемелердің мәселесін жедел шешу қажеттігіне тоқталды.
– Бала қауіпсіздігі – біздің ең басты міндетіміз. Әрбір білім беру ұйымы толыққанды қауіпсіздік жүйесімен жабдықталуы тиіс. Жедел басқару орталығына қосылмаған мекемелердің мәселесін созбалаңға салмай, ең қысқа мерзімде шешуіміз қажет. Бұл – ата-аналардың сенімі мен балалардың алаңсыз білім алуына кепілдік беретін басты шарт. Сондықтан барлық жауапты органдар үйлесімді жұмыс жасап, техникалық және ұйымдастырушылық кедергілерді дер кезінде жою керек, – деді ол.
Президент «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттары форма мәнінің басымдығын, бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті, үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлылығын айқындайды.
Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады.
Бюрократиядан арылту ісінде мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау және жүйелік реинжинирингтеу маңызды саналады. Бұл жұмыстардың негізгі бенефициарлары азаматтар болады. Бұдан бөлек Жарлықта қамтылған шаралар түпкілікті нәтижеге әсер етпейтін, бірақ мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын мемлекеттік аппараттың тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.