Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздік пен заңдылық мәселелері басты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлы қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру маңызды міндет екенін атап өтті. Осы бағытта Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған «Заң мен тәртіп – мемлекет кепілі» атты форум өтті. «Достық үйінде» өткен шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, полиция департаменті мен ҚР-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшылары, сондай-ақ жастар мен жергілікті тұрғындары қатысты. Мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, ашық диалог орнату.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлес қосу баршаның ортақ міндеті екенін атап өтіп, қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесе жүргізуге шақырды.
–Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – бұл заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуы. Заң – бұл тек қана жазалау құралы емес. Ол қоғам өмірін реттейтін, әрбір азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған жүйе. Осыған орай, облысымызда «Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында ауқымды іс-шаралар бастау алды. Бұл іс-шара бір күндік емес, тұрақты түрде іске асырылады, – деді облыс әкімі. Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, қауіпсіз ортаны қалыптастыру мақсатында биыл құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 24,2 млрд.теңге қаралды. Аудан, қала әкімдері жергілікті полиция департаментімен бірлесіп, заң мен тәртіптің сақталуы бағытында кешенді шаралар қабылдауы қажет. Біз үшін адам өмірі – ең басты құндылық. Сондықтан, жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында жұмыстарды күшейту керек. Есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде атқару қажет. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында жаңа бағытта оқыту жұмыстарын жүргізу керек. Облыста ішімдік сатудан бас тартқан 75 елді мекенде қылмыстар саны күрт төмендеген. Осы форумды пайдалана өңір басшысы барлық елді мекендерді аталған акцияға қосылуға шақырып, заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік екенін жеткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаның ауыр түрі қабылданды. Соның нәтижесінде, бұл санаттағы қылмыс деңгейі 32 пайызға төмендеген. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы барлық аудан, қалаларда «Отбасын қолдау орталықтары» ашылды. Орталықтар арқылы өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымына және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Биылғы жылдың 5 айында 163 дерек тіркеліп, 199 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді. Былтыр 336 дерек анықталған болатын. Интернет арқылы синтетикалық есірткілердің таралуына жол бермеу бағытында 405 ақпараттық сайт анықталып, бұғатталды. Сондай-ақ, тұрғындардың қаржылық сауаттылығының төмендігі салдарынан осы жылдың 5 айында облыста алаяқтық қылмыстар 33 пайызға, интернет алаяқтық қылмыстар 102 пайызға өскен. Азаматтардың қаржылық сауаттылықтарын арттыру мақсатында оқыту және түсіндіру жұмыстары күшейтілетін болады. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтардың мәселесі ерекше бақылауда. Бұл азаматтарға биыл 194 квота бөлініп, оларды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылуда.