Түркістан облысында «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылысы басталды

0
57

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өндірістік және сауда-экономикалық әріптестікті нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. Атап айтқанда, «Атамекен» кеден бекетінің маңында бой көтеретін «Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығының (ХӨКО) инфрақұрылымын тарту жұмыстары ресми түрде басталды.

Құрылыс алаңында өткен арнайы жиынға облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Байдулла Оразбеков, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков, сондай-ақ мердігер мекемелер мен аудандық бөлімдердің өкілдері қатысты.

Жоба аясында инфрақұрылым желілерін (жол, жарық, су, кәріз, газ) толықтай тарту көзделген. Бұл – аймақтағы инвестициялық ахуалды жақсартып қана қоймай, екі ел арасындағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтермек.

Орталықтың ашылуы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қоспақ. Бұл аумақта өндіріс ошақтары, қоймалар, сауда орталықтары бой көтеріп, мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Шарада мамандар кооперациялық орталықтың аумағына қажетті барлық инфрақұрылым желілерін – автомобиль және пойыз жолдарын, электр энергиясы мен табиғи газ тарту, ауыз су және кәріз жүйелерін орнату, сондай-ақ телекоммуникация және байланыс желілерін жүргізу бойынша жасалған жобалық-сметалық құжаттарды жан-жақты зерделеді. Әр инфрақұрылым саласы бойынша жоспарланған мерзімдер, техникалық шешімдер мен іске асыру тәсілдері егжей-тегжейлі қаралып, нақты ұсыныстар айтылды.

Сала мамандары мен жобалаушы ұйым өкілдері құрылыс кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасына, инфрақұрылым желілерінің өткізу қабілетіне, қауіпсіздік талаптарына және ұзақмерзімді пайдалануға жарамдылығына ерекше назар аударды. Сонымен бірге  инфрақұрылым желілерін тарту кезінде жергілікті жердің климаттық, географиялық ерекшеліктері мен шекаралық аймақтағы логистикалық тиімділік те басты назарда болды.

Басқосуда   заманауи инфрақұрылым үлгілері, соның ішінде ресурсты үнемдеу, экологиялық тиімділік және технологиялық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді саналатын тәсілдер ұсынылды. Жобалаушылар әзірлеген техникалық схемалар бойынша тараптар арасында пікір алмасу жүріп, бірқатар инженерлік түйткілдерге нақты шешімдер қабылданды.

Жиын қорытындысында әрбір инфрақұрылым кезеңі бойынша мердігер мекемелер мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қажеттігі айтылып, нақты мерзімдер мен міндеттер жүктелді. Бұл жұмыстар жобаның тиімді әрі кестеге сай іске асуына мүмкіндік бермек.

Айта кетейік, кооперациялық орталықты дамыту – Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы саналады.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу