Заң мен тәртіп: Түркістан облысындағы демалыс аймақтарында профилактикалық жұмыстар күшейтілді

«Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысындағы демалыс аймақтарында түсіндіру және рейдтік іс-шаралар белсенді түрде жүргізілуде. Мұнадағы басты мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полицейлер облысқа қарасты су айдындары мен жазғы демалыс орындарының санитарлық жағдайын тексеріп, азаматтарға экологиялық талаптарды сақтау қажеттігін түсіндірді.
Рейд барысында Шардара су қоймасы маңындағы ҚР ӘҚБтК аясында экологиялық нормаларды бұзғандарға ескерту жасалып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Тексеріс нәтижесінде жалпы пайдалану орындарын ластау бойынша 65 құқықбұзушылық және абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 19 жағдай анықталды.
Жыл басынан бері жалпы 318 ластау фактісі мен 78 абаттандыру тәртібін бұзу оқиғасы тіркелген.
Түркістан облысының полицейлері жазғы кезеңде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экологиялық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратын болады.
Одан бөлек аталған акция аясында Түркістан облысы Полиция департаменті Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Хантағы табиғи қорығының маңында орналасқан демалыс аймақтарында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылған шара барысында тәртіп сақшылары демалыс орындарындағы санитарлық жағдайды тексеріп, келушілерге қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде ескертулер жасады.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері экологиялық нормаларды сақтау, табиғатты қорғау және тұрмыстық қалдықтарды ретсіз тастамау қажеттігін түсіндіріп, демалушылармен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Түркістан облысының полицейлері азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғи аумақтардағы тәртіпті сақтау бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастыратын болады.