Ата заң: Түркістанда ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған ұлттық жоспар талқыланды

0
49

Биыл Қазақстан Халқы үшін аса маңызды тарихи оқиға – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Бұл мереке  еліміз бойынша кеңінен аталып өтуде. Осы мерекеге орай  Үкіметтің 2025 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен «Ата Заң – Тәуелсіздік тірегі» ұлттық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Аталған жоспар аясында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени, ағартушылық және патриоттық бағыттағы іс-шаралар өткізіледі.

Өңірде  бұл бастаманы сапалы жүзеге асыру мәселесі облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Жиынға жауапты басқарма басшылары мен мекеме өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде:  Ата Заң – біздің Тәуелсіздігіміздің, бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың кепілі екенін атап өтті. Сол сбеепті  бұл мерейтойлық іс-шаралар халыққа Конституцияның мәні мен маңызын терең түсіндіруге бағытталуы тиістігін жеткізді.

–Жұмыс жүйелі, мазмұнды әрі сапалы атқарылуы қажет. Әр азаматтың құқығы қорғалған ел – мықты мемлекет. Осы бағытта жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев.

Жиналысқа  жауапты басқарма басшылары мен мекеме өкілдері қатысып, жоспарды жүзеге асыру жолдары мен мазмұнын кеңейту мәселелерін қарастырды.

Мәжілісте басқарма басшыларының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, тапсырмалар хаттамаға енгізілді. Атап өтерлігі, жалпыұлттық жоспар 30 іс-шараны қамтиды. Олардың қатарында, аймақтық, ғылыми-практикалық, ақпараттық-ағартушылық бағыттары бар. Бірқатарына тоқталсақ, конституциялық заңдылықты қалыптастыруға және сақтауды қамтамасыз етуге, конституциялық құндылықтарды нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарды салтанатты марапаттау, диалогтар, отырыс, конференциялар мен салтанатты қабылдау өткізу жоспарланған. Сонымен бірге «Ата заң – тәуелсіз ел тұғыры» қалалық және ауылдық кітапханалар базасында мектеп экскурсияларын, ашық сабақтар, жоғары оқу орындарының студенттері арасында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары бойынша конкурстар өткізу межеленген.

Басқосуда  ұлттық жоспарды облыс деңгейінде нақтылап, мазмұнын кеңейту, жастарға құқықтық тәрбие беру, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.

Сондай-ақ, отбасы институтын, білім алу және еңбек ету құқықтарын, конституциялық кепілдіктерді дәріптеуге арналған іс-шаралар легі де қамтылды. Бұл бастамалар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және ел азаматтарының Конституцияға деген құрметін күшейтуге бағытталған.

Қазақ елі – тәуелсіздік алған күннен бастап демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құру жолын таңдаған ел. Мемлекет дамуының әр кезеңінде құқықтық саясат негізгі тірекке айналып, қоғам өмірінің барлық саласына жүйелі реформа жүргізуге мүмкіндік берді. Тарихи тұрғыда алғанда, құқықтық саясат – тек заңнамалар жиынтығы емес, ол мемлекеттік биліктің легитимдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған стратегиялық бағыт. Егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанда жаңа құқықтық база құрылып, мемлекеттік басқару жүйесі, экономика, азаматтық қоғам институттары дамудың жаңа сатысына көтерілді. Құқықтық саясаттың нақты нәтижелері ретінде, ұлттық заңнаманың жаңаруы, конституциялық реформалар, сот және құқық қорғау жүйелеріндегі өзгерістер, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған реформалар атап өтіледі.

Бүгінде құқықтық саясат барынша ауқымды, көпсалалы, әрі үздіксіз жаңарып отыратын жүйеге айналды. Жыл сайын қабылданатын заңдар мен реформалар қоғамның сұранысына сай икемделіп, елдің ішкі тұрақтылығын, сыртқы беделін нығайта түсуде. Еліміздің  құқықтық саясаты – бұл тек өткеннің қорытындысы ғана емес, сонымен қатар болашаққа бағытталған серпінді қадам. Ол арқылы мемлекет заманауи демократиялық қағидаттарға негізделген әділетті қоғам құруды көздеп отыр.

Тәуелсіздіктен кейінгі кезең – Қазақстанның құқықтық, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының маңызды белесі болды. Осы жылдары еліміз біртіндеп заңнамалық негізін қалыптастырып, азаматтардың құқығы мен еркіндігін Конституция арқылы нақты қорғауға көшті. Бұл – жас мемлекеттің іргетасын мықтап қалау жолындағы маңызды әрі тарихи қадам еді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу