Түркістан облысында 4 млрд теңгеден астам қаржыны иемденген Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне үкім шығарылды

0
50

Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Жетісай аудандық білім бөлімінің 46 қызметкеріне қатысты аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену бойынша қылмыстық іс қаралды.

Тергеу органдарының мәліметінше, бөлімнің бірнеше басшылары мен қызметкерлері түрлі баптармен, соның ішінде Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы (аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену), 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігі және 218-бабының 3-бөлігі сияқты баптарымен айыпталды.

Сот үкімі бойынша қылмыстық іс бойынша нақты шешімдер қабылданды.

 

43 есепші ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен айыпталған (аса ірі көлемде сеніп
тапсырылған мүлікті иемдену).

▪️Сотпен анықталғаны:
Сотталушылар – Жетісай аудандық білім бөлімінің лауазымды қызметкерлері (М. және Ш.), сондай-ақ мектептердің 44 есепшісі адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы мектептерде жұмыс істемейтін таныстары мен туыстарының банктік есеп шоттарына негізсіз ақша қаражаттарын жалақы ретінде аударып, бюджет қаражатын иемденген.
Нәтижесінде, сотталушылардың 2021-2023 жылдар аралығында қылмыстық іс әрекеттері салдарынан, мемлекетке 4 млрд. теңгеден астам шығын келген.

▪️Тараптардың ұстанымы:
Прокурор – 40 сотталушыға 7 жылдан 14 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру, ал 6 сотталушыға 2 жылдан 3 жылға дейін мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Сотта, сотталушы М. және Ш. өз кінәларын мойындамады, қалған
сотталушылар кінәларын мойындап, келтірілген шығынды өтегендерін ескеріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот, сотталушыларға жаза тағайындау кезінде олардың
қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайларға отбасылық жағдайын, жасын, кәмелетке толмаған балаларының болуын, сотталушылардың ақшалай қаражаттың бір бөлігін қайтарғанын, бұрын сотты болмағанын, кінәсін мойындауын, жүктілігін, мүгедектігін, сондай-ақ қылмыстық істің ашылуына және басқа сыбайластардың әшкереленуіне жәрдемдесуін ескеріп, ауырлататын мән-жайларға М. мен Ш.-ның қызметтік антын бұзғанын таныды.
43 сотталушы (мектеп бухгалтерлері) мемлекетке жалпы 800 млн. теңгеден астам иемденген қаражатты қайтарды.

▪️Сот үкімімен:
Алқабилердің шешімімен (вердикт):
~ негізгі сотталушы Ш. мен М.-ға тиісінше 9-жыл және 10 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. ҚК-нің 74-бабының талаптарына сәйкес, Ш.-ның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты, жазаның өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.
~ 2 сотталушының әрекеті ҚК-нің 371-бабының 1-бөлігіне қайта сараланып, оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
~ 34 сотталушыға ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен жалпы 5 жылдан 8 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Оның ішінде:
~ 4 сотталушыға ҚК-нің 74-бабының талаптарына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты, олардың жазаны өтеу мерзімін 5 жылға кейінге қалдырды;
~ 18 сотталушыға ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептелді;
~ 12 сотталушыға нақты мерзім тағайындалды.
~ 8 сотталушыға ҚК-нің 189-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен/189-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Шығынды өндіру және оның мөлшерін анықтау, азаматтық сот
ісін жүргізу тәртібіне қалдырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу