Түркістан облысында заңсыз жер қойнауын пайдалануға тосқауыл күшейтіледі

0
44

Заң жобалары мен мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету – қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл бағыттағы негізгі мақсат — халықтың мемлекеттік басқару процесіне қатысуын арттыру және қабылданатын шешімдердің әділ, жария түрде жүзеге асуын қамтамасыз ету.

Осы ретте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңір аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл мәселе бүгін облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте жан-жақты талқыланды.

Жиынға аудан, қала әкімдіктерінің мобильді топтары, облыстық полиция департаментінің қызметкерлері және құзырлы орган өкілдері қатысты. Басқосу барысында заңсыз қазбаларды болдырмау, сондай-ақ ауыр жүк көліктерінің құрылыс материалдарын шамадан тыс арту деректерін азайту мәселелері қаралды.

Талғат Қозбеков заңсыз әрекеттерге қарсы күресті күшейту қажеттігін атап өтіп, жауапты сала мамандарына жүйелі бақылау мен рейдтік жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер мен тәртіп сақшыларының өзара үйлесімді іс-қимыл жасау маңыздылығы айтылды.

Қазіргі таңда облыс аумағында ауыр жүк көліктері тарапынан шамадан тыс жүк артып тасу, заңсыз жер қойнауын қазу фактілері анықталған. Мәселен, биылғы 11 шілдеде Сауран ауданы аумағында жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалын жүргізгені анықталып, бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді.

Жиын барысында Т.Қозбеков облыстық көліктік бақылау инспекциясына заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда ауыр жүк көліктеріне қатысты тұрақты рейдтер ұйымдастыруды және тиісті заң аясында шара қабылдауды тапсырды.

Оған қоса Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, Шоқтас елді мекені Құрсай өзені бойында үлкен көлемде заңсыз жер қойнауын қазу жұмыстарын жүргізген белгісіз тұлғалар ауыр жүк көліктерімен ұсталған. Заңды бұзған топқа тиісті шара қолдану үшін Облыстық полиция департаментіне материалдар жолданып, аталған істі тұрақты бақылауға алу тапсырылды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалу барысы тұрақты бақылауда болатыны ескертілді. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдегі заңдылықты сақтау мен табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға жол ашады.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу