Түркістан: Сайрам ауданының экономикасына 29,2 млрд теңге инвестиция тартылған

0
51

Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Сайрам ауданындағы бірқатар  нысандарды ашып, халықтың қуанышымен бөлісті. Одан кейін аудан активімен кездесіп, Сайрамның әлеуметтік-экономикалық  дамуына қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. Аймақ  басшысы ауданның әлеуеті толық қолданылмай отырғанын сынға алып, кемшілікке жол берген басшылар мен ауыл округі әкімдеріне жұмысты ширатуды тапсырды. Жауапты тұлғаларға ескерту жасап, олқылық жойылмаса, шара көрілетінін ескертті.

Облыс әкімі өз сөзінде:  Жол жөндеу, инвестиция тарту, кірістер көзін ұлғайту, салық жүйесіндегі кемшіліктерді жоюды тапсырамын.  Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Нақты міндеттерді орындау кезінде ауылдық округ әкімдеріне салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты, 10 күн ішінде әр ауылдық округ кесіндісінде 2025 жылға жоспарланған жобалар бойынша нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармамен келісіп, Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерді орындауға салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін, – деді аймақ басшысы .

Мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың есебі тыңдалды.Одан басқа  басқарма басшылары өз салалары бойынша индикаторлардың орындалуына қатысты баяндама жасап, жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.

Сайрам ауданында 5 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 млрд.теңгеге жетіп, өсім 32,6%-ды құрады. Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығы, 26,8%-ы өнеркәсіп саласының үлесінде. Биылғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 354,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 13,4% өсімді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Одан бөлек ауыл шаруашылығы саласында да ілгерлеушілік бар.  Ауыл шаруашылығы саласында 5 айда 37,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1% деңгейінде болды. Өсімдік шаруашылығында 1,6 млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 35,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жалпы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешен саласында өнім көлемін 160,0 млрд.теңгеге жеткізу көзделуде.

Сайрам ауданының экономикасына 29,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, былтырға қарағанда өсім 2,4 есеге жетті. Тартылған инвестицияның 73,6%-ы – жеке инвестиция.

Бұл – аудан кәсіпкерлерінің белсенділігі мен инвесторлардың сенім білдіру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Алайда, тартылған инвестициялардың тиімділігі, жүзеге асқан жобалардың сапасы мен әлеуметтік әсері – басты назарда болуы тиіс.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жергілікті әкімдіктер мен басқармаларға инвесторлармен тұрақты әрі жүйелі байланыс орнатып, әрбір жобаның орындалу барысын нақты бақылауға алуды тапсырды.

Сайрам ауданының экономикалық көрсеткіштерімен қатар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы жағдай да өңір тұрғындарының өмір сапасына тікелей ықпал ететіні белгілі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағыттарды да жіті бақылауда ұстап отыр.

Жиында мектептер мен медициналық мекемелердің инфрақұрылымындағы түйткілдер, маман тапшылығы, кадрлардың біліктілігін арттыру қажеттілігі сөз болды. Кейбір ауылдарда әлі күнге дейін денсаулық сақтау нысандары күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, балабақша жетіспеушілігі, оқушы орнының тапшылығы, инклюзивті білімнің жеткілікті дамымауы – шешімін күткен өзекті мәселелердің қатарында.

Осы проблемаларды шешу мақсатында 2025 жылға дейінгі Жол картасына нақты жобалар енгізу тапсырылды. Ауылдық мектептер мен емханаларды цифрландыру, жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау – негізгі басымдық ретінде белгіленді.

Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың сапасы мен тиімділігі жеке бақылауында болатынын атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан әкімдігіне, басқарма басшыларына және жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеліп, олар тиісті хаттамаға енгізілді.

Облыс әкімінің тапсырмасы аясында облысқа қарасты Арыс қаласы, Отырар, Сайрам, Сарыағаш, Түлкібас және Төлеби, Бәйдібек аудандарының әкімдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен бөлімдерінің басшылары мен ауылдық округ әкімдері Сауран ауданына арнайы іссапармен барып, өңірлік кәсіпкерлікті дамытудың тиімді тәжірибелерімен танысты. Сонымен қатар индустриялық жобалардың жүзеге асу барысын бақылап, өзара тәжірибе алмасты.

Іссапар  ең алдымен Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркінен басталды. Аталған өндірістік аймақта бүгінде бірқатар ірі жобалар іске асырылуда.  Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығаратын «BNK GROUP LTD» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және басқа да елдерге экспорттауды көздейді. Ал «Aqniet Holding» ЖШС мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірісімен айналысады.

Делегация Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Дихан елді мекенінде орналасқан өндірістік аймақты аралап, жобалармен танысты. Бұл аумақта 9 гектар жерге 24 жобаны орналастыру жоспарланған. Солардың бірі – «AR Group LLP» ЖШС, кәсіпорын клинкер қасбеттік плиткалар өндірісін жолға қойған. Өнімдер құрылыс саласына қажетті сапалы материалдар қатарын толықтырып отыр.

Делегация келесі кезекте  Қарашық ауылындағы 10 гектар аумақта орналасқан өндірістік аймақты аралады. Мұнда жалпы 20 жобаны жүзеге асыру көзделген болса, қазіргі таңда 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын, «Asia Brand» ЖШС корпустық жиһаз, «DIVALUX» ЖШС жұмсақ жиһаз өндіретін кәсіпорындарына да барды.

Сауран ауданында өндірістік аймақтарды дамыту – өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған бұл іссапар өзара ынтымақтастықты нығайтып, басқа өңірлерге де осындай жобаларды іске асыруда жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу