Түркістан: Сайрамда жаңа спорт кешені ашылды

0
60

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы – бұл халықтың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға, білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстардың жиынтығы. Бұл бағытта Түркістан облысында жүйелі жобалар жүзеге асырылып, жаңа мектептер мен денсаулық нысандары салынып, жолдар жөнделіп, инвестициялар тартылуда. Соның бірі – Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға тапсырылды. Нысанның  ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарға жылы лебізін жеткізді.

– Түркістан облысчында әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Жаңа спорт кешені ауданның спорт саласының дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осы ғимараттан ел чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Оралбайұлы.

Аталған шарада  ауыл ақсақалы Ә.Байназар, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, даңқты бокс бапкері М.Айтжанов сөз алып, Мемлекет басшысының және облыс әкімдігінің қолдауына ризашылығын білдірді.

Шара барысында заманауи талаптарға сай ғимараттың лентасы қиылып, облыс әкімі ауыл тұрғындарымен бірге спорт кешенін аралап шықты.

Кешеннің құрылысын Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен «НурТехСервис» ЖШС жүргізді. Аталған ғимараттың құрылысы 2023 жылы бастаған. Ғимарат Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт есебінен бой көтерді. 2 қабатты нысанның жалпы ауданы – 646 шаршы метр. Кешен 3,2 гектар аумақта орналасқан.

Нысанда спорт залдар, жаттығу залы, киім ауыстыру және жуыну бөлмелері, қоймалар, қызметкерлерге арналған кабинеттер, дәрігер кабинеті, процедуралық бөлмелер бар. Мұнда жастардың гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетикамен шұғылдануына барлық қажетті жағдай жасалған. Спорт кешенінде күніне орта есеппен 60–70 адам жаттыға алады.

Жаңа спорт кешені ауыл жастары мен тұрғындарының дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беріп, бұқаралық спорттың дамуына жол ашпақ. Бұл кешен – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бір көрінісі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу