Түркістан: Заманауи фитнес орталығы ашылды

Түркістан қаласында әлеуметтік-экономикалық және спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы орайда Түркістан қаласында жаңа үлгідегі «A.B.L.» фитнес орталығы ашылып, игі іске облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жұртшылықты құттықтады. Ол өз сіөзінде Түркістан – тек рухани астана ғана емес, сонымен қатар спорт орталығына айналып келе жатқан өңір екенін атап өтті:
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірімізде спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, былтыр жалпы құны 73 спорт нысанының құрылысы аяқталса, ал биыл 54 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында елімізде теңдесі жоқ екі ірі жоба – ипподром мен ескек есу каналы бар. Бұл – спортты дамытуға және ұлт денсаулығын нығайтуға бағытталған мемлекетіміздің берік ұстанымының айқын көрінісі. Біз тек спорттық нысандарды салып қана қоймай, олардың тиімді жұмыс істеуіне және тұрғындар үшін қолжетімді болуына ерекше мән беріп келеміз. Бұл кешен – Түркістан қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайтып, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын маңызды орынға айналатынына сенімдімін, – деген облыс әкімі қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақырды.
Облыс орталығында бой көтерген жаңа фитнес орталықта заманауи талаптарға сай жаттығу залдары, волейбол, жекпе-жек залдары, бассейн және өзге де қажетті жабдықтар қарастырылған. Бұл кешен қала тұрғындарының денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауда маңызды рөл атқарады.
Айта кетейік, облыста 100 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемелері мен кәсіпорындары тіркелген. Онда 63 спорт түрі дамытылған. Атап айтқанда, 29 олимпиадалық,
34 олимпиадалық емес. Бүгінде
2 174 жаттықтырушы 47 266 баламен жұмыс істейді.
Облыста спортпен шұғылдануға жағдай жасау мақсатында 3540 спорт нысандары тіркелген (2577 нысан білім беру мекемелерінде). Оның ішінде 3041 нысан ауылдық жерде (80%), 758 нысан қалалы жерде (20%) орналасқан.
Былтыр облыста 73 спорт нысаны салынып, пайдалануға берілсе, биыл 51 спорт кешені пайдалуға берілмек. Соның ішінде Түркістан қаласында биыл жаңа 5 спорт кешені халық игілігіне берілмек.
Сонымен қатар, Түркістан қаласында Ескек есу каналы, және Атшабар көпфункцияналды спорт кешендерінің құрылысы жүргізілуде.