Заң мен тәртіп: Ауылдарды дамыту мен полиция қызметін жандандыру мәселесі талқыланды

0
49
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте ауылдық округ әкімдіктері мен полиция бөлімшелерінің жұмысын жетілдіру, қызмет сапасын арттыру және қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту мәселелері кеңінен қаралды.
Жиын барысында аймақ басшысы мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының жұмысына қойылатын талаптың жоғары екенін атап өтті. Әрбір ауыл әкімі өзі қызмет ететін елді мекенде тұрып, ауылды дамытуға тікелей үлес қосуы қажет. Сонымен қатар, тәртіп сақшыларының қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын жандандыру қажеттігі айтылды.
– Мемлекеттік қызмет пен полиция сапында еңбек ету – абыройлы міндет. Әрбір ауылдық округтің әкімдері сол аумақта тұрып, ауылдарды дамытуға үлес қосуы тиіс. Тәртіп сақшылары да жұмысты жандандырып, қоғамдық тәртіпті сақтауы керек. Ал осы міндеттерді сапалы орындау үшін жұмыс орны, ғимараты да талапқа сай болуы қажет. Осы мәселелерді зерделеп, тиісті ұсыныс беріңіздер, – деді Нұралхан Оралбайұлы.
Жиналыста  ауылдық округтердегі ғимараттардың жай-күйі зерделеніп, тиісті мәліметтер берілді. Ауылдық округ әкімдіктерінің штат санына келсек, 181 ауылдық округте жалпы 57 штат жетіпсеушілігі бар. Бұл туралы облыс әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Нұркен Аралбеков баяндады. Бүгінгі таңда облыс көлемінде жалпы 17 әкімдіктің ғимараттары ескірген.
Әкімдік тарапынан ауылдық округі әкімі аппараты ғимараттарын жаңарту аясында ғимараттың біркелкі эскизін бекіту жөнінде тапсырма берілген болатын. Осыған сәйкес облыстық құрылыс басқармасы ауылдық округ әкімдігі ғимаратының біркелкі эскиздерін әзірледі. Егер құрылыс қолға алынса, осы үлгілер негізге алынбақ. Мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.
Мәжіліс соңында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне ауылдық округтердегі әкімдік пен полиция ғимараттарының жай-күйін тексеріп, инфрақұрылымды жақсарту бойынша шаралар қабылдау жүктелді.
Ауылдарды дамыту, инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Айта кетсек, Түркістан облысының 181 ауылдық округінің 164-інің әкімдігі өз ғимаратында, 15-і мәдениет үйінде, 2-уі жалға алынған ғимаратта орналасқан. Ал облыс бойынша 181 ауылдық округте 160 полиция бекеті бар. Бекеттердің 133-і Полиция департаментінің меншігінде болса, 27-сі аудандық әкімшілік меншігіндегі ғимараттарда орналасқан.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу