Заң мен тәртіп: Түркістанда қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған форум өтті

0
51

Қазақстан Республикасының Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен насихаттау қажеттігін айтып, азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттыру, қаржылық пирамидалар мен алаяқтық схемаларға қарсы иммунитет қалыптастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында 2025 жылғы 25 маусымда Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен облыстың 3 қаласы мен 14 ауданында бір мезетте «21 ғасырдың қаржылық триггерлері» атты кең ауқымды форум өтті.

Форум барысында қаржы саласындағы заманауи қауіптер, қаржылық пирамидалар, жалған инвестициялық жобалар, дроптар және олардың зардаптары туралы кең көлемде ақпарат берілді. Сонымен қатар мектеп жанындағы жазғы демалыс лагерьлерінде 4000-ға жуық бала мен 500-ге жуық тәрбиешіге қаржылық сауаттылық және алаяқтықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыстық прокуратура, полиция департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының басшылығы қатысып, қолдау білдірді.

Өңір басшысы қоғамда қаржылық сауаттылық мәселесі өзекті болып тұрғанына тоқталды.

– Бәріңізге белгілі 23 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен құқық қорғау органдарынмен кеңейтілген отырыс өткізілді. Президент әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыруды және құқық қорғау жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Ол – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты жат көріністер тоқтайды. Облыстың барлық аудан, қалаларында

«Заң мен тәртіп – әділетті Қазақстанның кепілі» тақырыбында қоғамдық қабылдаулар басталды. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, халықпен ашық диалог орнату. Біз қоғамда қауіпсіз ортаны құру бағытындағы жұмыстарды бірлесіп жүргізуіміз қажет. Заң мен тәртіп идиологиясын орнықтыру – ортақ жауапкершілік. Баршаңызды қоғамда заң үстемдігін орнатуға үлестеріңізді қосуға шақырамын, – деді Нұралхан Көшеров.

Форум жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Түркістан облысы мәслихатының депутаттары, Олимпиада ойындарының жүлдегері Сәкен Бибосынов, Әлем және Азия чемпиондары қатысып, мазмұнды ойлар айтты.

Форум аясында кәсіби спикерлер құқықтық сауаттылық, қаржылық қауіпсіздік және цифрлық ортадағы қауіп-қатерлер жөнінде өзекті ақпаратпен бөлісті. Қаржылық мониторинг агенттігінің бейнематериалдары көрсетіліп, нақты фактілер негізінде интерактивті ойын мен театралды қойылым ұсынылды.

Сейтметов атындағы сазды-драма театры ұжымы сахналаған «Армандар күйреуі» атты көрініс арқылы қаржылық сауатсыздықтың салдары көркем түрде жеткізілді.

Форум соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтарын қойып, алғыстарын білдірді.

Форум – қоғамның құқықтық әрі қаржылық мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу