ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ МЕН CHINA RAILWAY ASIA-EUROPE: СТРАТЕГИЯЛЫҚ СЕРІКТЕСТІККЕ ҚАДАМ

Түркістан облысы инфрақұрылымдық даму мен халықаралық серіктестік бағытында тағы бір маңызды қадам жасады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэймен ресми кездесу өткізді. Астанадағы жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасына қатысқан бұл компания Түркістан өңірінде де ірі инвестициялық жобаларға қатысуды жоспарлап отыр. Кездесу барысында тараптар өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтсақ, Түркістан қаласының Шығыс айналма жолы мен Өзбекстан Республикасы шекарасынан Шардара – Арыс бағытындағы жол құрылысы жобалары бойынша келіссөздер жүргізілді. Бұл көлік дәлізі — халықаралық транзиттік бағыттар желісін кеңейтіп, өңірлік логистикалық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ көрші елдермен экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді.
– Түркістан облысына қош келдіңіздер! Өздеріңізге мәлім, Қазақстан мен Қытай арасындағы достық және жан-жақты стратегиялық әріптестік қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшыларының сындарлы ұстанымы мен ұзақ мерзімді ынтымақтастығының нәтижесінде өңірлік деңгейдегі ықпалдастықты кеңейтуге қолайлы жағдай жасалды. Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, көлік-логистика саласында зор әлеуеті бар стратегиялық өңір. Өзбекстан шекарасынан Шардара мен Арысқа дейінгі жол құрылысы халықаралық транзиттің дамуына серпін береді. Біз бұл жобаның іске асуына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің жарқын үлгісіне айналатынына сенеміз, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Түркістан облысында құрылыс материалдары зауытын салу бойынша жобаның алғышарттары мен іске асыру кезеңдері пысықталды.
China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. – 2015 жылы құрылған, жарғылық капиталы 300 миллион юаньды құрайтын, Орталық Азия аумағында мамандандырылған инвестициялық-құрылыс қызметімен айналысатын компания. Негізгі қызмет бағыттары – көлік, энергетика, химия өнеркәсібі және инфрақұрылым салаларындағы ірі жобаларды іске асыру. Елімізде бірқатар ірі жобалалардың іске асуына атсалысып келеді.