Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

Осыған орай Бәйдібек ауданында табиғатты қорғауға бағытталған «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Іс-шараға «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен Боралдай филиалының өкілдері қатысып, «Бұлақ көрсең, көзін аш» акциясына белсенді атсалысты. Жалпы шараға 50-ге жуық қызметкер қатысты.

Акция барысында Бәйдібек ата кесенесі маңындағы бұлақ көзі тазартылып, айналасы ретке келтіріліп, жиналған қоқыстар шығарылды. Нәтижесінде табиғи су көзінің маңы айтарлықтай жаңарып, таза кейіпке енді.

Іс-шараға қатысушылар табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтіп, мұндай бастамалардың экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы маңызына ерекше тоқталды.

Халқымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп бекер айтпаған. Табиғатты аялау, оның ішінде су көздерін қорғау – болашақ ұрпаққа аманат.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық акция алдағы уақытта да жалғасады.