Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту – тиімді басқарудың кепілі

Мемлекеттік аппараттың бюрократиядан арылуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілік реформаларындағы басты басымдықтарының бірі. Бұл бағыт өңірлерде де қарқынды іске асырылуда. Түркістан облысында қағазбастылықты азайту, шешім қабылдауда ашықтық пен жеделдікті қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасалып жатыр.
Атап айтқанда, электронды үкімет жүйесі арқылы азаматтардың өтініштері онлайн қабылданып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы артып келеді. Сонымен қатар, сотқа талап қою, құжат рәсімдеу, анықтамалар алу секілді процестер де автоматтандырылып, уақыт пен ресурс үнемделуде.
Мемлекеттік мекемелерде ішкі процестерді оңтайландыру, артық құжат айналымын қысқарту, цифрлық сервистерді енгізу – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, халықтың мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімін арттыруда. Бұл – бюрократиялық кедергілерсіз, тиімді және ашық мемлекеттік қызметтің негізі.
Президент «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бюрократиядан арылту ісінде мемлекеттік басқарудың барлық саласын цифрлық трансформациялау және жүйелік реинжинирингтеу маңызды саналады. Бұл жұмыстардың негізгі бенефициарлары азаматтар болады. Бұдан бөлек Жарлықта қамтылған шаралар түпкілікті нәтижеге әсер етпейтін, бірақ мемлекеттік қызметшілерді қажетсіз рәсімдер мен үдерістерден босатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын мемлекеттік аппараттың тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етеді.
Жарлықтың басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілерді нәтижеге әсер етпейтін, формальды үдерістерден босату. Осы арқылы халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, басқару жүйесінің тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Бюрократиядан арылту – Президенттің саяси және экономикалық реформаларының табысты іске асуына ықпал ететін негізгі шарттардың бірі.
Алайда бүгінгі күні бұл бағыттағы жұмыстарда бірқатар түйткілдер сақталып отыр. Цифрландыру және бизнес-үдерістерді автоматтандыру баяу қарқынмен жүзеге асуда. Қағаз құжат айналымы азаймай, көптеген процестер әлі де қолмен атқарылады. Көптеген лауазымды тұлғалар бұрынғы инерциямен жұмыс істеп, өзгерістерге қарсылық танытады. Бұл жағдай қызметкерлердің бастамашылдығы мен шығармашылық қабілетін шектейді.
Сонымен қатар, бюрократияның сақталуы – жемқорлық тәуекелдерінің артуына ықпал ететін негізгі себептердің бірі. Тек қағазға негізделген рәсімдердің көптігі – жүйенің ашықтығын төмендетіп, сенімсіздік тудырады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл мәселені шешу үшін тек құрылымдық өзгерістермен шектелмей, түбегейлі функционалдық талдау қажет. Мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауда нақты нәтиже мен тиімділік өлшемдері басшылыққа алынуы тиіс. Сонда ғана әкімшілік реформалар шынайы мазмұнға ие болады.
Қорытындылай келе, бюрократиядан арылту – жай ғана рәсімдерді қысқарту емес. Бұл – жаңа басқару мәдениетін қалыптастыру, халыққа жақын, ашық және тиімді мемлекеттік аппарат құру жолындағы кешенді жұмыс.