Түркістан делегациясы Қытайда ірі инвестициялық холдингпен келіссөздер жүргізді

0
62

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында «Qingdao International Investment Co., Ltd.» мемлекеттік холдингімен келіссөздер өткізді. Жарғылық капиталы 1,5 миллиард юань болатын бұл компания Қытайдағы стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жетекші рөлге ие. Холдинг венчурлік қаржыландыру, активтерді басқару және инновациялық салалық жобаларға инвестиция тарту бағытында жұмыс істейді. Қазіргі таңда компания 622,6 миллиард юань көлеміндегі қаржы қорын басқарып отыр.

Келіссөз барысында тараптар жасыл технологиялар, цифрлық трансформация және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы әріптестікті кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Түркістан облысы үшін бұл әріптестік ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық пен технологиялық дамуға жол ашады.

Сапар аясында ауыл шаруашылығы саласына қатысты жаңа жобалар таныстырылып, өзара тәжірибе алмасуға уағдаластық жасалды. Атап айтқанда, Түркістан өңірінде климаттық жағдайға бейімделген «Дазэшань» жүзімін өсіру, көкөністі кептіру және терең өңдеу зауыты, жержаңғақ өңдейтін орталық, бизнес-қонақүй мен туристік кешен салу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Бұл бастамалар өңірдің экономикалық бейінін әртараптандыруға, экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Облыс әкімі жауапты тұлғаларға ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, жүзеге асыру жолдарын пысықтауды тапсырды.
Қытай тарапынан Түркістан облысына деген қызығушылық жоғары. Бірлескен жобаларды іске асыруға дайындық пен ашықтық танытқан кәсіпорындар өңірдің әлеуетін жоғары бағалап отыр. Бұл сапар бір ғана экономикалық емес, сонымен қатар технологиялық серіктестік, экспорттық әлеуетті арттыру және өңірдің жаһандық нарықтарға шығуына жол ашу тұрғысынан да аса маңызды болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге тікелей инвестиция тарту және жаңа өндірістер ашу арқылы халықтың табысын арттыруды тапсырды. Бұл сапардың негізгі мақсаты – осы міндеттерді нақты жобалармен жүзеге асыру. Түркістан – тек тарихи және рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі аграрлық, индустриялық және қаржылық серіктестікке ашық. Бүгінгі келіссөздер ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен инвестициялық серіктестік бағытында маңызды нәтижелерге жол ашады деп сенеміз, – деп атап өтті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Қытай Халық Республикасына жасалған бұл жұмыс сапары Түркістан облысы үшін стратегиялық маңызға ие. Жүздеген миллиард юаньдармен өлшенетін инвестициялық әлеует, технология трансфері мен ауыл шаруашылығын терең өңдеу тәжірибесі – облыстың жаңа даму кезеңіне өтуіне мүмкіндік беретін нақты факторлар.
Қытайдың Шаньдун провинциясындағы Циндао қаласы – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі өнеркәсіптік, сауда-логистикалық және агроөнеркәсіптік орталықтардың бірі. Бұл қала Қытайдың ашық экономикалық аймақтарының алғашқы легінде дамыған, бүгінде халықаралық бизнес пен технологиялық инновациялардың жаңа хабына айналған.
Циндао – 10 миллионнан астам тұрғыны бар мегаполис. Қаланың ішкі жалпы өнімі 2024 жылы 1,6 триллион юаньнан асты (шамамен 220 миллиард АҚШ доллары), бұл оны Қытайдың экономикалық тұрғыдан ең қуатты қалаларының қатарына қосады. Қаланың экономикалық құрылымында өңдеу өнеркәсібі, жоғары технологиялар, логистика және агроөнеркәсіптік кешен шешуші рөл атқарады.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу