Түркістан облысында құқықтық мәдениетті арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде

0
5

Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформалар мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының аясында Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен құқықтық санасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, құқықтық саясатты іске асыру және құқықтық қамтамасыз ету бағытында облыстағы мемлекеттік  органдар мен бейінді ведомстволар заң үстемдігін қамтамасыз етуде, құқықтық актілерді сапалы әзірлеуде және оларды тиімді орындауда айтарлықтай жұмыс атқаруда. Заңнаманың тұрақтылығы мен оның қолжетімділігі – мемлекеттік басқару тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Осы бағытта нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу процесі барынша ашық әрі инклюзивті болуын қамтамасыз ету үшін қоғамдық тыңдаулар мен онлайн-кеңестер жиі өткізіліп келеді.

Азаматтардың құқықтық сауаттылығы – құқықтық мемлекеттің негізгі іргетасы. Облыс көлемінде мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында және ауылдық жерлерде құқықтық түсіндіру шаралары кеңінен жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жаңа форматта жүзеге асып келеді. Түркістан облыстық соты мен прокуратурасы бірлесіп, «Ашық есік күндері», «Сот төрелігі – әділет кепілі» атты акциялар өткізіліп жатыр.

Мемлекеттік аппараттың бюрократиядан арылуы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған мемлекеттік реформалардың басым бағыттарының бірі. Облыстағы мемлекеттік мекемелерде қағазбастылықты азайту, шешім қабылдаудағы ашықтық пен жеделдік қағидаттары енгізілуде. Электронды үкімет жүйесі арқылы өтініштерді қабылдау, сотқа талап қою, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу процестері белсенді жүріп жатыр.

Сот жүйесін реформалау – әділдік пен заңдылықтың нақты көрінісі. Түркістан облысында сот жүйесі жаңғыртылып, азаматтардың сотқа деген сенімі артуда. Медиация институтын дамыту, электронды сот процесіне көшу, судьялардың біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау ісінде оң өзгерістер байқалады. Сот актілерінің орындалу көрсеткіші артты, сот процестері ашық әрі бейтарап өтуде. Сот залдарында дыбыс-бейне жазу құрылғылары орнатылып, процестің ашықтығы қамтамасыз етілуде.

Соңғы жылдары заңнамалық реттеуде нақты басымдықтар айқындалды. Артық реттеу мен шамадан тыс заңдық жүктемеден арылу – заңнаманы түсінікті әрі тиімді етуге бағытталған. Бұл ретте, құқық қорғау органдары мен соттардың, сондай-ақ заң шығару процесіне қатысатын сарапшылардың үйлесімді жұмысы өз жемісін беруде.

Қорыта айтқанда құқықтық саясатты сапалы жүзеге асыру – мемлекеттік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатының кепілі. Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар – елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын орнықтыру жолындағы нақты қадамдар. Алдағы уақытта да азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті болып қала береді.

 

 

 

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу