Түркістанда жаңа ғимараттар бой көтеруде

0
6

Түркістан облысының  әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, тұрғын үй құрылысы, жол, жарық, ауыз су, кәріз жүйесі мен абаттандыру бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Туризмді қолдау мақсатында тарихи нысандармен қатар жаңа демалыс аймақтары, қонақүйлер мен мәдени-спорттық кешендер бой көтеріп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы арта түсуде. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Түркістанда жүзеге асып жатқан құрылыс пен инфрақұрылымдық жобалар – өңірдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын жақсартудың нақты көрінісі. Қазіргі таңда облыс орталығында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстармен қатар, инфрақұрылым жүйесін дамыту жұмыстары жүйелі атқарылуда. Көпқабатты тұрғын үйлердің қатары артып, туризм саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар легі жалғасуда. Осыған орай облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығының инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында қаладағы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен жүздесіп, жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды тапсырды.

Аппарат басшысы «Жаңа қала» мөлтек ауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңында болды. Қазіргі таңда  мұнда асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстарына «Қаратас Майнинг» ЖШС жауапты. Сонымен қатар №36 көшені аралап, жарықтандыру, жол салу жұмыстарын тексерді.

Кейіннен, облыс орталығындағы №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен  жүздесті. Қазіргі таңда  ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.  Мердігер мекеме –  «Ернур «Строй и К» ЖШС.  Құрылысқа арнайы 6 техника, 79 жұмысшы жұмылдырылған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Одан соң аппарат басшысы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болды. Сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын қадағалап,  ғимаратты толық аралап шықты.  Тұрғын үй аумағын абаттандыру жұмыстарын да назардан тыс қалдырмады. Сонымен қоса Яссы көшесіне жол жүріп, ондағы абаттандыру шараларын қайта пысықтады.

Аралау жұмыстары Түркістан қаласындағы ірі спорттық инфрақұрылым – көпфункционалды атшабар кешенінде жалғасты. Жалпы аумағы 99,3 гектарды құрайтын нысан – ұлттық спорт түрлерін дамытуға серпін беретін ауқымды жоба.  Кешен құрамында 1 500 орындық көрермен трибунасы, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымдық атжарыс жолы, көкпар және конкур алаңдары қарастырылған.

Қазіргі таңда нысанда ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы және ішкі әрлеу, терезе орнату, шатыр жабу, жер тегістеу, дренаж жүйесін орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа 43 техника мен 174 жұмысшы жұмылдырылған.  Нысанды 2025 жылдың қараша айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба – Түркістанды ұлттық спорттың орталығына айналдыру жолындағы маңызды қадам.

Құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара көруді тапсырды. Сондай-ақ жұмысшы санын арттыруды міндеттеп, сапаға баса мән беруді талап етті.

Айта кетсек, облыс аумағында құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауда болады.

 

 

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу