Түркістан облысының делегациясы Қытайға жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономикасын дамыту бағытында келісім жасалды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестицияларды тарту, өзара экономикалық байланыстарды нығайту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру.
Жұмыс сапары аясында делегация қытайлық ірі компаниялармен екіжақты келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді әріптестік орнатуға ниетті. Сонымен қатар бірнеше бағытта маңызды меморандумдарға қол қойылмақ. Бұл келісімдер өңірдің әлеуметтік-экономикасын дамытуға, инвестициялық әріптестікті нығайтуға, заманауи өндіріс ошақтарын ашу арқылы өңір халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Сапардың алғашқы күнінде аймақ басшысы Қытай елінің астанасы Бейжіңде бірқатар инвесторлармен кездесті. Олардың басым бөлігімен Түркістан облысында бірлескен жобалалар басталып кеткен. Іскерлік кездесу барысында тараптар энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын жан-жақты талқылады. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның экономикалық әлеуетін таныстырып, қытайлық кәсіпкерлерді бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Осы елдің ірі сауда және инвестициялық, логистикалық компаниясының басшылығымен кездескен облыс әкімі бастаған делегация осы салада бірлесе жұмыс істеуге қатысты бірқатар жобаларды талқылады. Мекеме басшыларымен бірлескен кәсіпорындар ашып, әртүрлі салаларда бастамаларды жүзеге асыру, тәжірибе алмасу барысы талқыланды. Атап айтқанда, мал шаруашылығы саласында қалдықсыз өндіріске қатысты жоба барысы талқыланды. Мал терісі, сүйегі, мүйізі, ішек-қарын сияқты терең өңдеуге түскен қалдықсыз өндіріс нәтижесінде кәдеге жаратар өнім шығаруға бағытталған бизнес жобаны жүзеге асыру жолдары қаралды. Жоба Түркістан облысының кәсіпкерлері тарапынан қолдау тапты.
Өңір басшысы сондай-ақ тәулігіне 100 тонна қоқыс қалдықтарын өңдейтін ҚХР-ң жетекші компанияларының бірінің басшылығымен кездесті. 200-ден астам толық циклды зауыт салған компания қалдықтарды энергияларға айналдыратын технологиямен эко-индустриалды парктерді дамытуға инвестиция салатын әлемдегі ең ірі кешендердің бірі. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу табиғи ресурстарды тиімді пайдаланудың бірден-бір жолы екені анық. Нұралхан Көшеров келіссөздер барысында қоқысты кәдеге жаратудың жаңа жолдары жасақталған кәсіпорынды бірлескен жоба бастауға шақырды.
Түркістан облысында қызылшие (черешня) өсіру және жемісті қайта өңдеу жобасын жүзеге асыру бойынша компания басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Инвесторалармен Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы зор әлеуетті ескере отырып, Түркістан облысында шие өсіру және өңдеу бойынша заманауи агропарк құруға бағытталған инвестициялық жобаны іске асыру барысы талқыланды. Компания шие өсіру, жеміс өңдеу мен өндірістік тізбекті басқарудың заманауи технологияларымен жабдықталған. Өңірдегі қызылшие (черешня) ағашының көлемі 100 гектардан асады. Былтыр 1,5 тонна өнім жиналды. Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту, бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстарына күш салынды. Жеміс ағаштарына мемлекеттік қолдаулар көрсетілуде.
Жүздесу барысында мақта өсіру, иіру және тоқыма өндірісін ұйымдастыру бойынша жүзеге аса бастаған жоба талқыланды. Нақтырақ айтсақ, Сауран ауданында Түркістан облысының шаруаларымен бірлескен жоба былтырдан бері жүзеге аса бастаған. Шаруалар тамшылатып суару әдісімен мақта егіп, су үнемдеп, өнімді артығымен алып жатыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті қатар дамытуды көздейді.
Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында жаңа тәсілмен мақта егілуде. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таңғаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.
Кездесуде аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
– Ұлы Жібек жолы құрылған сәттен бастап дамып, өркендеп келе жатқан екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың орны ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиясы екі ел арасындағы қатынастардың сенімді дамуына бағыт-бағдар беріп отыр. Өңірлік әріптестігі нығайту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістан өңірінде логистикалық орталық жасауға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздердің біздің өңірге келіп инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға ниет білдіргендеріңізге алғыс білдіремін. Біздің облыста жұмыс істеуге ниетті барлық компанияларға барынша қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді,– деді өңір басшысы.
Өңір басшысы Нұралхан Оралбайұлы бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында шетелдік инвестицияларды тарту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бейжіңдегі жетекші компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Инвестициялық әріптестікті нығайту және заманауи өндіріс ошақтарын ашу үшін аймақ басшысы кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Қытай тарапы Түркістан облысының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытуда.
Бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Нұралхан Көшеров әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Жаңа инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді.
Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында өте жоғары деңгейде дипломатиялық байланыс орнаған. Қос мемлекеттің басшыларының өзара тығыз байланысы, достығы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беруде.
–Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз. Өңірдің табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта біздің облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы бар. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деген Нұралхан Оралбайұлы инвесторларды бірлесе жұмыс істеу үшін облысқа шақырды.
Облыс әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлікті қайта өңдеуге арналған жабдықтар, ауыл шаруашылығы бұлтты платформасы, ауылшаруашылық суару, ауыл шаруашылығын автоматтандыру бағытында әлемдік рейтингте көш бастаған компания басшыларымен кездесті. Сондай-ақ мақта шаруашылығындағы «ақылды агротехнологияны» дамыту бойынша жаңа жобалар қаралды. Осы бағыттар бойынша өңірдің кәсіпкерлері серіктес болуға дайын. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бірқатар бастамалар ортаға салынды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жоспары талқыланды. Бұдан бөлек, кездесуге қатысқан инвесторлар теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаны қаржыландыруға ниетті.
Кездесуде сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау және жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды.
Қытайлық компаниялармен іскерлік кездесулер барысында кәсіптік білім беру саласын дамыту жолдары талқыланды. Өңір басшысы техникалық мамандықтарды дамыту үшін серіктестік орнатуға мүмкіндіктер қарастырылатынын атап өтті.