Түркістан: Заңсыз ағаш кескендерге қандай жаза қолданылады?

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде 2027 жылға дейін мемлекеттік орман қоры аумағына 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімдіктері Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп орман өсіру және орманды қалпына келтіру бойынша кешенді жоспарларды бекітті. Бұл бағытта Түркістан облысында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.
Экология және табиғи ресурстар министрінің 2024 жылғы 30 қазандағы «Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл ормандарын кесуге тыйым салу туралы» бұйрығына сәйкес, 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі сексеуіл ормандарында кесудің барлық түрлеріне толықтай тыйым салынған.
Осыған байланысты өңірде заңсыз ағаш кесудің алдын алу және орман қорын сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары күшейтілген. Атап айтқанда, «Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңсыз ағаш кесуге қарсы кешенді іс-шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Іс-шаралар аясында орман алқаптарында рейдтік тексерулер ұйымдастырылып, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Мекеме мамандары жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, орман байлығын қорғаудың маңыздылығын және заңсыз ағаш кесудің экологияға тигізетін зиянын кеңінен түсіндіруде. Заң бұзушылық фактілері анықталған жағдайда, әкімшілік айыппұл салынады.
«Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ азаматтарды табиғатты қорғауға бейжай қарамауға, заң талаптарын сақтауға және орман қорын қорғауға бірлесіп атсалысуға шақырады. Сондай-ақ жергілікті орман қоры аумағына шекаралас ауылдар мен елді мекен тұрғындары арасында заңсыз ағаш кесудің алдын алу мақсатында үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, үнпарақтар таратылуда.
Айта кетейік, жыл басынан бері 65 рет рейдттік шаралар жүргізілді.Бұл іс шара алдағы уақыттардада жалғасын табады.






