КЕНТАУЛЫҚ ТҰРҒЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН ШҰЖЫҚ ӨНДІРУ ЦЕХЫН АШҚАН

Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Нұрсұлу Батырбекова бес жыл бұрын үй жағдайында бастаған шұжық дайындау кәсібін бүгінде шағын өндіріске айналдырып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті құрал-жабдықтарын толықтырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік алған.
Алғашында өнімдерді отбасына арнап дайындаған Нұрсұлу Әбдіхалыққызы уақыт өте келе бұл істі тұрақты кәсіпке айналдырған. Қазіргі таңда «Адал үй шұжығы» брендімен шұжықтың 12 түрін әзірлейді. Өнімдерге сұраныс артып, Кентау қаласынан бөлек Түркістан, Шымкент, Алматы және Сәтбаев қалаларына жеткізіледі.
Өнімдерді дайындау барысында сиыр және тауық еті, қойдың майы пайдаланылады. Шұжыққа Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талаптарына сәйкес алынған дәмдеуіштер қосылады. Ет арнайы тапсырыспен жеткізіліп, заманауи құрал-жабдықтардың көмегімен өңделеді.






