«Суды тұрақты әрі уақытылы алдық»: Түркістан облысында мақта жинау науқаны басталды

Қазақстанда вегетация кезеңі тұрақты өтіп жатыр. «Қазсушар» РМК-мен келісімшарт жасасқан барлық шаруа қожалықтары суармалы сумен уақытылы қамтамасыз етілді.
Түркістан облысының Жетісай және Мақтаарал ауданындағы диқандар мақта жинауға кірісті. Шаруалар суды бекітілген кестеге сәйкес әрі толық көлемде жеткізіп бергені үшін «Қазсушар» РМК-ның жергілікті филиалына алғыс білдіруде.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы жергілікті шаруа қожалықтарымен 277,5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын суаруға су беру бойынша 12 409 келісімшарт жасасты. Оның ішінде 3 500 гектарға күріш, 104,8 мың гектарға мақта егілген.
Түркістан облысы бойынша 2026 жылғы вегетация кезеңіне арналған су алу лимиті 3,3 млрд текше метр. Бүгінгі таңда 3,2 млрд текше метр су алынып, 270,8 мың гектар егіс алқабы суарылды.
Жетісай ауданы бойынша су алу лимиті 663 млн текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда оның 585 млн текше метрі пайдаланылды. Биылғы вегетация кезеңінде аудан диқандары 53,6 мың гектар жерге мақта екті. Жергілікті фермерлермен суармалы су беру бойынша 2 567 келісімшарт жасалды.






