ТҮРКІСТАН: КЕНТАУ ҚАЛАСЫ ҰБТ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАДЫ

Түркістанда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конференциясында айтылған тапсырмаларын орындау жолдары талқыланған кеңейтілген мәжіліс өтті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжіліске аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің мамандары, ардагер ұстаздар мен сала сарапшылары қатысты. Мазмұнды баяндамалар жасалып, мәселелер көтерілді және оны шешу жолдары қаралды. Өңірдегі білім сапасының қазіргі жағдайы сараланып, нақты міндеттер айқындалды.
Өңір басшысы білім саласына жауапты басшылар мен мектеп директорларына нақты тапсырмалар мен ұсыныстар берді. Білім сапасын арттырудың бірыңғай жүйесін қалыптастыратын кешенді жоспар әзірленіп, облыс әкімі жанынан Білім сапасы жөніндегі өңірлік кеңес құрылады. Сондай-ақ әр мектептің білім нәтижесін қамтитын «Білім сапасы – Түркістан» бірыңғай цифрлық мониторинг жүйесін енгізу, ҰБТ нәтижесі төмен мектептермен жұмысты күшейту, біліктілікті арттыру курстарының тиімділігін бағалау және функционалдық сауаттылықты күнделікті сабақтың негізгі бөлігіне айналдыру тапсырылды.
Жиында Білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов баяндама жасап, өңірдегі білім сапасының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды. Кентау қаласы Түркістан облысындағы 17 аудан арасында ҰБТ нәтежиесі бойынша I-орында екені айтылды.
Кентау қаласында биыл 1053 түлек ҰБТ-ға қатысты. Оның ішінде 531 түлек мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Облыс бойынша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 64,83 балды құрады. Ал Кентау қаласы 78,56 % құрап тұр.
Мәжілісте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына көрсетіп отырған қолдауы мен тапсырмаларына сәйкес білім сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Әсіресе ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайту, педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру және әр оқушыға сапалы білім алуға мүмкіндік жасау бағыттарына басымдық берілді. Сонымен қатар 2027 жылдан бастап білім бөлімдерінің аудан және қала әкімдіктеріне берілетініне назар аударылды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың білім сапасына қатысты жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Мәжілісте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Камилла Ауанасова, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, білім саласының тәуелсіз сарапшысы, Халықаралық EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов және облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нышан Байғұтов баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.
Кентау қаласында білім сапасын көтеру, білім ұяларының инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.






